14 ақпанда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясының ағымдағы сайлау науқаны шеңберінде екі отырысы өтті.
Отырыстарда 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы және «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестіктерінің партиялық тізімдерін тіркеу мәселелері қаралды.
Отырыстарға облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері (бейнеконференция режимінде), Бас прокуратураның, әділет, ішкі істер, қаржы министрліктерінің, сондай ақ аталған саяси партиялардың өкілдері қатысты.
Отырыстарға бұқаралық ақпарат құралдары және ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау Миссиясының өкілдері шақырылды. Отырыстардың трансляциялары сурдоаударманы қамтамасыз ете отырып, интернет-ресурс және Youtube арқылы өтті.
Отырыстарды аша отырып, Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясы кандидаттардың Конституциямен және Сайлау туралы Конституциялық заңмен қойылатын талаптарға сәйкестігін айқындау бойынша тиісті рәсімдер жүргізгенін хабарлады.
Ортсайлауком өз құзыреті шеңберінде Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында саяси партиялар ұсынған партиялық тізімді тіркеуді жүзеге асырады.
Бірінші отырыстың күн тәртібі бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов баяндама жасады.
Ол «Ауыл» партиясының партиялық тізімінде 25 адам бар екенін хабарлады. Тізімдегі 10 адам — әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, бұл жалпы енгізілгендердің 40 процентін құрайды.
Партиялық тізімге енгізілген барлық адамдар Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді.
Партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясының шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді.
2021 жылғы қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында «Ауыл» партиясы сайлаушылардың 5,29 процентін жинаған болатын, осыған байланысты ол сайлау жарнасын төлеуден босатылады.
Екінші отырыстың күн тәртібі бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина сөз сөйледі.
Ол «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының» партиялық тізіміне 18 адам енгізілгенін хабарлады. 7 адам — үш санаттың өкілдері: әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, бұл жиынтығында 38,9 процентті құрайды.
«Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» партиялық тізімдегі 18 адам үшін 18 900 000 теңге сомасында сайлау жарнасын енгізді.
Кандидаттардың сәйкестігін белгілеу және партиялық тізімді тіркеу туралы тиісті хаттамаларға қол қойылғаннан кейін ОСК мүшелері мынадай қаулыларды қабылдады:
— «2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы»;
— «2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында
«Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» Қоғамдық Бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы».
Енді екі партия да сайлау қорын қалыптастыру үшін арнайы уақытша шот ашуға құқылы. Барлық тіркелген кандидаттар тиісті куәліктерді алды.
Отырыс қорытындылары бойынша саяси партиялардың өкілдері дәстүрлі брифингтер барысында бұқаралық ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берді.