ДРОППЕРЛІКТІҢ ҚАУІПТЕРІ
Дропперлер интернет-алаяқтықтың негізгі буыны болып табылады, өйткені олар ұрланған қаражатты шығару мен заңдастыруға жағдай жасайды. Соңғы бес айдың өзінде олардың көмегімен алаяқтар азаматтардан жымқырылған шамамен 400 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған.
Дропперлік үшін қылмыстық жауаптылық енгізілген уақыттан бастап (2025 жылғы 16 қыркүйектен) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы бойынша 700-ден астам қылмыстық іс тіркелді.
Аталған бапқа сәйкес, банк шоттарын заңсыз пайдалануға бергені немесе басқа тұлғалардың мүддесі үшін ақша аударымдарын жасағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Осы уақыт ішінде 216 дроппер жауаптылыққа тартылып, оның 202-сі сот үкімімен сотталды.
Мысалы, Батыс Қазақстан облысында сот 19 жастағы жеті колледж студентіне қатысты үкім шығарды. Олар өз банк шоттарын ашып, оған қолжетімділікті алаяқтарға берген. Нәтижесінде бұл шоттар арқылы азаматтардан, оның ішінде зейнеткерлерден 4 миллион теңгеден астам қаражат жымқырылған.
Сот оларды 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіп, пробациялық бақылауға алып, мәжбүрлі еңбекке тарту міндетін жүктеді. Белгіленген талаптарды орындамаған жағдайда жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы.
