Зейнетақы және қосымша табыс: қаржылық пирамидаға алданбаудың жолдары

Зейнетке шыққаннан кейін көптеген азаматтар қосымша табыс табудың жолдарын іздейді. Бұл – отбасылық бюджетті толықтырып қана қоймай, белсенді өмір салтын сақтауға мүмкіндік береді. Алайда табыс табамын деп алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін сақтық таныту маңызды.
Қосымша жұмыс ретінде қашықтан қызмет көрсету, кеңес беру, қолөнермен айналысу, репетиторлық қызмет немесе икемді жұмыс кестесі бар жұмыстарды таңдауға болады. Ең бастысы – жұмыс берушінің сенімділігіне көз жеткізіп, еңбек шарттарын мұқият зерделеу.
Егер сізге аз уақыт ішінде жоғары табысқа кенелуді, ешқандай тәуекелсіз мол пайда табуды ұсынса немесе алдын ала ақша салуды талап етсе, мұндай ұсыныстардан сақ болған жөн. Сондай-ақ жаңа қатысушыларды тарту арқылы табыс табуды көздейтін жүйелер де қаржылық пирамиданың белгісі болуы мүмкін.
Өзіңіздің қаржыңызды қорғау үшін мына қағидаларды ұстаныңыз:
* қаржы ұйымының лицензиясының бар-жоғын тексеріңіз;
* компания туралы ақпаратпен және оның беделімен танысыңыз;
* қысыммен қабылданатын шешімдерден бас тартыңыз;
* бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз;
* кепілдендірілген жоғары табыс туралы уәделерге сенбеңіз.
Қаржылық сауаттылық – жинаған қаражатыңызды сақтап, қосымша табыс табудың сенімді жолы. Есіңізде болсын, адал еңбекпен келген табыс – ең қауіпсіз әрі тұрақты табыс. Ал тез әрі оңай байытамыз деген ұсыныстардың артында көбіне алаяқтық схемалар жатады.
https://fingramota.kz/kk/post/zejnetay-zhne-osymsha-zhmys-osymsha-tabysty-alajsha-izdeuge-zhne-arzhy-piramidasyna-tap-bolmaua-bolady
