2022 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және олардың шығыстарының мөлшерін белгілеу қорытындылары мәселелері бойынша Ортсайлауком отырысы өтті

2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауы бойынша 2022 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының (бұдан әрі — Ортсайлауком) отырысы өтті, онда мынадай мәселелер қаралды:
1. «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну қорытындылары туралы»;
2. «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерін белгілеу туралы».
Бірінші мәселе бойынша облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары өңірлер бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну қорытындылары туралы баяндады.
Ортсайлауком төрағасының м.а. Константин Петров 2022 жылғы 29 қарашадан 14 желтоқсанға дейін Республика бойынша жоғарғы палатаның 20 орнына 130 кандидат Парламент Сенатының депутаттығына ұсынылғанын атап өтті. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 2020 жылы Сенатқа кезекті сайлауға 94 кандидат, 2017 жылы – 89 кандидат, 2014 жылы – 88, 2011 жылы – 96 кандидат ұсынылған болатын. Осылайша, кандидаттардың бәсекелестік үрдісі сақталуда. Орташа есеппен бір мандатқа 6 адамнан аса үміткерден келеді.
Өңірлер арасында ең көп кандидат Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында – 8, Алматы мен Астана қалаларында – 10 адамнан ұсынылды. Ең азы – 5 үміткерден Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және 6- Шымкент қаласында ұсынылды.
Кандидаттар арасында 97,7 пайыз (127) өзін-өзі ұсынушылар, ал 2,3 пайызын (3) мәслихаттар ұсынған.
Кандидаттардың орташа жасы 50,5 жасты құрайды. Ең жас үміткер – 30 жаста, үміткерлер арасындағы ең ересегі – 74 жаста.
Ұсынылған үміткерлердің ішінде 33 әйел. Әйел үміткерлер саны өткен сайлауда, яғни 2020 жылы – 19, 2017 жылы — 13, 2014 –5 үміткер болған.
Мамандықтары бойынша атап өтер болсақ: 22 – инженер, 21– экономист, 21 – педагог, 18– заңгер, 15– аграрлық сала қызметкерлері, 5– дәрігер, 2– журналист, 3- саясаттанушы және 23 басқа мамандық иелері.
Кандидаттар арасында 36 коммерциялық құрылымдардың қызметкері; 27 мемлекеттік ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкері; 48 мемлекеттік қызметші, 9 қоғамдық ұйымдардың өкілдері, 2 зейнеткер және 3 жұмыссыз үміткер бар.
Қазіргі уақытта Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу процесі жүріп жатыр, ол а.ж. 24 желтоқсанына дейін жалғасады. Бүгінгі күні сайлау комиссиялары 49 кандидат тіркеді.
Сөз соңында Константин Петров Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары Орталық сайлау комиссиясының жеке отырысында қаралатынын атап өтті.
Екінші мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Сәбила Мұстафина баяндама жасады. С.Мұстафина өз баяндамасында мемлекет кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарында өз бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін тең қаражат бөлінуіне кепілдік беретінін атап өтті:
— теледидарда (тікелей эфирде немесе жазбада) — он бес минут;
— радиода — он минут;
— мерзімді баспа басылымдарында немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа табақтан аспайтын екі мақала жариялау.
Кандидаттар өздерінің сайлау алдындағы бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін мемлекет бөлген қаражат шеңберінде баспа және/немесе желілік басылымдардағы, теле-, радиоарналардағы жарияланымдар көлемін өздері бөледі.
Сондай-ақ республикалық бюджет қаражатынан кандидаттардың сайлау алдындағы жария іс-шараларын өткізуге, үгіт материалдарын шығаруға арналған шығыстары мен көлік шығыстары Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде өтеледі.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде ОСК өз қаулысымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарын 550 000 теңге көлемінде белгіледі:
1) теледидардан, радиодан бағдарламамен сөз сөйлеу және мерзімді баспа басылымдарында 2 мақала жариялау үшін — 400 000 теңге;
2) сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығару үшін — 70 000 теңге;
3) көлік шығыстары үшін — 80 000 теңге.
Сондай-ақ, С.Мұстафина «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 34, 75-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына әрбір кандидат сайлау қорын құруға құқылы екенін атап өтті.
Отырыстан кейін брифинг өтті, онда Ортсайлауком мүшелері БАҚ-тың сұрақтарына жауап берді.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также