Конституцияның І бөлімінде мемлекеттік биліктің бастауы – халық екені айқын әрі нақты көрсетілген. Бұл – жай ғана декларативті норма емес, мемлекеттің бүкіл саяси жүйесінің негізін айқындайтын қағида. Яғни, Егемендіктің иесі де, биліктің қайнар көзі де – халықтың өзі.
Халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады деп көрсетілуі – азаматтың ел тағдырына ықпал ету құқығын конституциялық деңгейде бекіту. Бұл – формалды рәсім емес, саяси жауапкершілік пен саналы таңдау мәдениетін талап ететін тетік. Әрбір дауыс – елдің даму бағытына әсер ететін құрал.
Сонымен қатар билікті ешкім иемдене алмайтыны, ондай әрекет заңмен қудаланатыны нақты жазылған. Бұл норма аса маңызды. Себебі тарих көрсеткендей, биліктің шектен тыс шоғырлануы немесе заңнан тыс әрекеттер мемлекетті әлсіретеді. Ал Конституция биліктің шекарасын айқындап, оның заңмен реттелетінін бекітеді.
Маған бұл қағида ерекше маңызды көрінеді. Кез келген мемлекеттің беріктігі – биліктің заңмен шектелуінде. Заң үстемдігі сақталғанда ғана қоғамда әділеттілік пен тұрақтылық орнығады. Конституция – тек азаматтарға арналған ереже емес, ең алдымен билік үшін шектеу мен жауапкершілік құжаты.
Сондықтан бұл бөлімде бекітілген нормалар мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің құқықтық негізін қалыптастырады. Конституция – баршаға ортақ ереже. Ол билікке де, қоғамға да бірдей талап қояды. Дәл осы теңдік – құқықтық мемлекеттің басты өлшемі.
Камшат Кадылкызы- Халықаралық қазақ тілі қоғамдық бірлестігінің мүшесі
