Жақсы ауданында халықты ауыз сумен қамту мәселесі 100 пайыз шешілді

Жақсы ауданында халықты ауыз сумен қамту мәселесі 100 пайыз шешілді

 

Жыл басынан бері Жақсы ауданында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасты. Бұл жөнінде аудан әкімі Алмагүл Қадыралина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

 

Аудан экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. Есепті кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 53 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 125,9 пайызға өсті. Өнеркәсіп саласында да өсім байқалып, өндірілген өнім көлемі 3,4 млрд теңгені құрады (ИФО – 104,8%).

 

«Тұрғын үй құрылысы да қарқын алуда. 2024 жылы 27 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, 27 отбасы баспаналы болды. Жалпы ауданы 3,7 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен 18 пәтерлі тағы бір тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған», – деді спикер.

 

2024 жылы аудан экономикасына 11,1 млрд теңге инвестиция бағытталды. Алайда 2023 жылғы ауыл шаруашылығы маусымының қолайсыздығы салдарынан ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту қарқыны сәл төмендеген. Мәселен, биыл техникалар 3 млрд теңгеге ғана алынған (2023 жылы – 6 млрд теңге).

 

Аудандық бюджетке түсетін кіріс 100,9 пайызға орындалып, 3815 млн теңгені құрады. Өз кірістері бойынша жоспар 102,5 пайызға орындалды.

 

Ауыз сумен қамту мәселесі 100 пайыз деңгейде шешімін тапты, яғни 25 елді мекеннің 19-ы орталықтандырылған, 6-уы модульдік блок арқылы қамтылған.

 

Көлік инфрақұрылымын дамытуға 552 млн теңге бөлініп, 9 елді мекенде 13 шақырым жол жөнделді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 80-нен 87 пайызға артты.

 

2024 жылы облыстық бюджет есебінен қуатты 7,5 гигакалория болатын блокты-модульдік қазандық орнатылып, бірнеше көпқабатты үй мен мекемелер жылуға қосылды. Сондай-ақ, 3 ауылдық клубқа жаңа жылу жүйесі орнатылды.

 

«Ауданда жыл басынан бері 693 жұмыс орны құрылды (оның ішінде 477-сі – тұрақты). 8 Ұлттық жоба жүзеге асырылып, 158 жұмыс орны ашылды. Білім саласында да оң көрсеткіштер бар. 2023-2024 оқу жылында 9 оқушы «Алтын белгі», 7-уі үздік аттестат иегері атанды. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі – 90 пайыз», – деп толықтырды әкім.

 

Денсаулық сақтау саласында ауданда 13 дәрігер тартылып, кадр тапшылығы жойылды. 2024 жылы 344 операция сәтті өткізілді. «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорлары арқылы 7 ауданға қызмет көрсететін «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығы ашылды.

 

Мәдениет пен спорт саласында да оң өзгерістер бар. «Ауыл – Ел бесігі» аясында Запорожье ауылдық клубы жөнделді. Жақсы ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен балалар ойын-сауық орталығы салынды. Жаңақима ауылында спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр.

 

Брифингте Алмагүл Қадыралина аудан халқының өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также