Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – Қазақстанның саяси даму тарихындағы дәуірлік оқиға. Бұл – еліміздің жаңа қоғамдық-саяси кезеңге аяқ басқанын айқындайтын маңызды белес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарды осы тарихи күнмен құттықтауы реформалардың ел болашағы үшін стратегиялық маңызға ие екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Жаңартылған Конституция – халықтың ерік-жігері мен қоғамдық келісімінің нәтижесі. Ол әділеттілік, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау қағидаттарын нығайтып қана қоймай, мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыруға берік негіз қалады. Бұл құжат еліміздегі саяси институттардың тиімділігін арттыруға, билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейтуге және азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашты.
Конституцияның заңды күшіне енуі – жай ғана құқықтық өзгеріс емес, ол Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына бағытталған тарихи таңдау. Бүгінде мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім нығайып, жауапкершілік пен ашықтық қағидаттары жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл өз кезегінде орнықты экономикалық өсімге, қоғамдық тұрақтылыққа және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қолайлы жағдай қалыптастырады.
Сондықтан Президент атап өткендей, бұл – шын мәнінде дәуірлік оқиға. Жаңа Конституция Қазақстанның жаңару жолындағы берік іргетасы болып, Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформалардың құқықтық негізін қамтамасыз етеді. Ең бастысы – бұл өзгерістердің түпкі мақсаты әрбір азаматтың мүддесін қорғап, елдің тұрақты дамуы мен болашақ ұрпақтың жарқын келешегіне қызмет ету болып қала береді.
Камшат Кадылкызы- Атбасар аудандық Халықаралық қазақ тілі қоғамдық бірлестігінің мүшесі
