1 маусым күні Көкшетау қаласында Қопа көлінің жаңартылған жағалауы ресми түрде ашылды. Бұл жоба «Қазцинк» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылып, соңғы жылдардағы ең ауқымды абаттандыру нысандарының біріне айналды. Әкімдіктің дерегінше, жаңа жағалау 12 шақырымнан аса қашықтықты қамтып, амфитеатр, велосипед пен жүгіруге арналған жолдар, скейт-парк, арқанды тартым бағыты, спорттық және балалар алаңдары, демалыс павильондары, көше жарықтандыруы, навигация жүйесі мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инфрақұрылымды өзіне біріктіріп отыр.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл жағалау алдағы уақытта қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық демалыс орнына, түрлі қоғамдық және мәдени іс-шаралар өтетін кеңістікке айналады. Болашақта мұнда толыққанды жағажай салу жоспарланған. Әкім жобаның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
«Мұнда балалар мен ересектерге жайлы әрі қолайлы жағдай жасалған. Жағалау облыс орталығының жаңа бет-бейнесіне айналып, спорттық және мәдени-көпшілік іс-шаралардың тұрақты алаңы болады деп сенемін», – деді аймақ басшысы.
Жағалаудың ашылуы мерекелік бағдарламамен жалғасын тапты. Іс-шараның басты тартымдарының бірі – фермерлік жәрмеңке болды. Жәрмеңкеде Ақмола және Түркістан облыстарынан, сондай-ақ Тәжікстаннан келген 30-дан астам шаруашылық өз өнімдерін ұсынды. Барлығы 320 тоннадан астам жаңа піскен көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері, бал мен ет саудаға шығарылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, өнім бағалары нарықтан 10–15 пайызға арзан болды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқан фермерлер марапатталды.
«Бұл оқиға мемлекеттеріміз, аймақтарымыз және халықтарымыз арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңі болады деп сенемін», – деді Марат Ахметжанов.
Көпшіліктің назарын аударған тағы бір ерекше сәт – «Гормолзавод» ЖШС ұйымдастырған тегін балмұздақ тарату шарасы болды. Іс-шара аясында балаларға бір тонна балмұздақ тегін таратылды. Бұл көрсеткіш Қазақстан рекордтар кітабына «бір іс-шарада ең көп көлемде балмұздақ тарату» ретінде тіркелді. Сауда нүктелері жағалау аумағының әр жеріне орналастырылды.
Сондай-ақ, ашылу салтанаты аясында веложарыс, ертегі кейіпкерлерінің костюмдік шеруі, колледждердің шеберлік сабақтары, батпырауықтар парады өтті. Кешкісін амфитеатр сахнасында қазақстандық эстрада жұлдыздары – Sadraddin мен Дастан Оразбеков өнер көрсетті. Мерекенің соңы Көпе көлінің үстіндегі керемет отшашумен түйінделді.
Ұйымдастырушылардың есебінше, жағалаудың ашылуына бірнеше мың адам қатысты. Қала билігі бұл жаңа кеңістікті алдағы уақытта тұрақты қоғамдық және мәдени іс-шаралар өтетін орын ретінде пайдалануды жоспарлап отыр.