Ақмола облысында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ауқымды және мазмұнды шаралар өткізілді. 2025 жылғы 22 мамыр мен 1 маусым аралығында алғаш рет ұйымдастырылған «Қазақстан балалары» ұлттық науқаны аясында 2 мыңнан астам мәдени-ағартушылық және тәрбиелік іс-шара өткізілді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Мектеп оқушылары түрлі мемлекеттік мекемелер мен мәдени ошақтарға барып, мамандық иелерімен танысты. Ата-аналарға тәрбиелеу біліктілігін арттыру мақсатында тренингтер ұйымдастырылса, кішкентай бүлдіршіндерге арналған сурет байқаулары, спорттық жарыстар мен көңіл көтеру іс-шаралары өтті.
27 мамырда барлық білім беру ұйымдарында «Балалар үні» іс-шарасы өтті. 2700-ге жуық бала өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірсе, 340 мектепте дебаттық ойындар ұйымдастырылды. Бұл бастама балалардың даусын естудің маңызын көрсетті.
«Балалардың әрбір ұсынысы біз үшін маңызды. “Балалар үні” жобасы арқылы біз оларға қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өз ойын айтуға мүмкіндік бердік. Бұл – ел болашағына салынған инвестиция», деді Әсем Асаинова
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәлімгерлік жүйе енгізілді. Бүгінде 70 балаға 35 тәлімгер жетекшілік етеді. 2025 жылдан бастап кәсіби асырап алушы отбасы моделі енгізіледі, бұл жетім балалардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Облыста 490 мектеп пен 29 колледжде психологиялық қызметтер жұмыс істейді. 2024 жылғы сәуірден бастап Көкшетау қаласында 24/7 режимінде сенім телефоны бар психологиялық қолдау орталығы құрылды.
«Бала – басты байлығымыз. Біз білім беру жүйесінде тек оқыту емес, сонымен қатар олардың психологиялық саулығын қамтамасыз етуге ерекше мән берудеміз. Бұл — ұзақ мерзімді нәтижеге бастайтын жол», деп толықтырды білім басқармасы басшының орынбасары Ботакөз Дүйсенова.
Төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырған республикалық «Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда» акциясы балалардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталды. Балалар өрт сөндіру техникасымен танысып, аниматорлармен бірге мерекені қызықты өткізді. Театрландырылған спектакльдер мен байқаулар мерекенің мазмұнын байытты.
Ақмола облысында балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі күнделікті бақылауда. Мемлекеттік органдар, білім мекемелері мен азаматтық қоғам бірлесіп, әр баланың құқығы қорғалатын орта қалыптастыруда.