Ақмолада есірткіге қарсы айлық басталды

Ақмолада есірткіге қарсы айлық басталды

 

Бүгін Ақмола облысында Халықаралық нашақорлықпен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күніне орайластырылған есірткіге қарсы айлық ресми түрде басталды. Бұл туралы Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

 

Шарада сөз сөйлеген Ақмола облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері нашақорлықтың медициналық және әлеуметтік салдарларын атап өтті. Оның айтуынша, есірткіге тәуелділік – тек денсаулыққа қауіп төндіріп қана қоймай, отбасылар мен қоғамға да елеулі зиян келтіретін күрделі мәселе.

 

«2024 жылдың қорытындысы бойынша облыста 413 адам «наркомания» диагнозымен диспансерлік есепте тұр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен 2,4%-ға азайды. Алайда жасөспірімдер арасындағы жағдай алаңдатарлық: биыл екі жасөспірімнің есірткіге тәуелділігі анықталды», – деді ол.

 

Сонымен қатар, алғаш рет тіркелген есірткіге тәуелділердің саны 2024 жылы 56 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға артқан. Есірткіге тәуелділердің басым бөлігі жазасын өтеу мекемелерінде отырғандар. Бұған себеп сотталған азаматтарды медициналық қамтамасыз ету міндеті 2023 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігіне жүктелуі.

 

«Соңғы жылдары синтетикалық есірткілерге тәуелді адамдар саны артты. Бұрын мұндай жағдайлар тіркелмеген болса, бүгінде бұл аса өзекті проблемаға айналып отыр», – деп атап өтті спикер.

 

Ал Ақмола облысы ПД Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Данияр Сабыржанов аймақтағы наркокриминогендік жағдай туралы баяндады.

 

«2025 жылдың басынан бері облыста 136 наркоқұқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде 56 дерек – есірткіні өткізуге, 3 дерек – есірткі құралдарын заңсыз жарнамалауға қатысты. Сонымен қатар, аса ірі көлемде сақтау фактісі және 72 қылмыстық теріс қылық тіркелді», – деді полковник.

 

Полицейлер 2024 жылмен салыстырғанда есірткі заттарын көбірек тәркілеген. Атап айтқанда, 2025 жылы заңсыз айналымнан 88 кг-дан астам есірткі тәркіленген (өткен жылы – 77 кг). Оның ішінде 6,8 кг синтетикалық есірткі, 5,7 кг гашиш және 7,6 кг марихуана бар.

 

Сабыржановтың айтуынша, биылғы жыл ІІМ бастамасымен «Құқықбұзушылықтардың алдын алу жылы» деп жарияланып, аймақта ауқымды профилактикалық жұмыстар қолға алынған.

 

«Маусым айында облыс бойынша 100-ден астам профилактикалық іс-шара өткізу жоспарланған. Мақсат жастарды есірткіден сақтандыру, сау өмір салтын насихаттау және қоғамда теріс көзқарас қалыптастыру», – деді ол.

 

Брифинг соңында спикерлер барлық азаматтарды белсенділік танытуға, жастарға үлгі болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также