Ақмола облысы Целиноград ауданының полиция қызметкерлері жедел әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде Wildberries тапсырыс беру пунктінен жасалған ұрлық қылмысын ізін суытпай ашты.
Ағымдағы жылдың 4 шілдесінде Целиноград аудандық полиция бөліміне Астана қаласының тұрғыны арызданды. Оның айтуынша, түнгі уақытта белгісіз адам тапсырыс беру пунктінің ғимаратына заңсыз кіріп, тауар салынған қораптарды ұрлап кеткен. Келтірілген материалдық шығын шамамен 500 мың теңгені құрады.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу жетіп, тексеру барысында күдіктінің алдын ала электр қуатын өшіріп, ғимараттың артқы жағындағы терезені сындырып ішке кіргені және тауарларды алып кеткені анықталды.
Қылмыстың бетін ашуға криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полицияның аға лейтенанты Олжас Әбдімұратұлы Алтынбеков пен жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полицияның аға лейтенанты Қонысхан Жұпархан елеулі үлес қосты.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеп, күдіктінің жеке басын анықтады. Кейін ол Астана қаласында ұсталды.
Тергеу барысында күдіктінің ұрланған тауарларды сатып жібергені белгілі болды. Соған қарамастан полиция қызметкерлері барлық ұрланған мүліктің қайда екенін анықтап, оларды тәркілеп, заңды иесіне қайтарды.
Бұл оқиға Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатының іс жүзінде тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Азаматтардың құқықтары мен мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметінің басты басымдықтарының бірі болып қала береді.
