Қайырымдылық күні атап өтілді

15 наурыз – «Наурызнама» мерекесі аясында қайырымдылық күні болып есептеледі. Аталмыш күн қайырымдылық, мейірімділік пен тату көршілікті насихаттауға арналған. Жалпы, игі істер дәстүрін тарату қоғамда қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Наурызнаманы мерекелеу кезінде бұл қасиеттерді барынша кеңінен насихаттау, қадірін арттыру аса маңызды. Ұлы даланың басты құндылықтарының бірі – адамдардың бір-біріне жанашырлық танытып, өзара көмек көрсетуі қоғамды айрандай ұйытып, бір ел, бір халыққа біріктіреді.

 

Осыған орай, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ атаулы күн аясында, «Тазалыққа құрмет, жүрекке жылу» атты акциясын ұйымдастырды.

 

Аталған акция аясында, қаламызды тазалықта ұстап жүрген жандарға ыстық шәй мен бауырсақ таратып, бойларын жылытып, көңілдерін көтерді. Бұл іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық ортада қала тазалығын қамтамасыз ететін қызметкерлерге алғыс білдіру және оларды ынталандыру.

 

«Шыныда да, күннің суығына, жалпы ауа-райының қолайсыздығына қарамастан қаламыздың тазалығы үшін жасап жатқан ерең еңбектері келешек ұрпаққа үлгі-өнеге деп білемін. Сол себептен де бүгінгі Қайырымдылық күні аясында дәл осы жандарға осындай игі іс жасағанымыз дұрыс деп санаймын» — дейді өз сөзінде «Жастармен жұмысты ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Әсия Закенай.

 

Айта кету керек, наурыз айының 23-не дейін осы тәріздес мерекелік акциялар облыс бойынша өз жалғасын табады.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также