Есіл ауданында екі дерігерлік амбулатория салынып жатыр 

 

Есіл ауданы денсаулық сақтау жүйесін дамытып, ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтерді қолжетімді етуде. 2024 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Ақсай және Свободный ауылдарында дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы басталды. Аудандағы медициналық ахуалдың мән жайын аудан әкімінің орынбасары Ерлан Сыздықпаев брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Жалпы екі жаңа медициналық нысанның әрқайсысы бір ауысымда 40 адамды қабылдай алады. Бұл жергілікті тұрғындар үшін медициналық көмекті қолжетімді ете түспек. Бүгінде аудан бойынша 29 медициналық мекеме жұмыс істейді, оның ішінде 65 төсек-орындық Есіл аудандық ауруханасы бар. Денсаулық сақтау саласында 340 медицина қызметкері еңбек етуде, бірақ тағы 14 маман қажет.

Аудан басшылығы медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыс істеп жатыр. Еңбек жағдайларын жақсарту, ауылда жұмыс істегісі келетін дәрігерлерге білім беру бағдарламаларын қолдау және тұрғын үймен қамтамасыз ету басты назарда.

«Өткен жылы ауданға 7 дәрігер келіп, оларға тұрғын үй берілді. Бұл маңызды қадам, себебі баспана дәрігерлердің ауданға келуіне үлкен әсер етеді.Сонымен қатар, аудан әкімдігі мен бизнес өкілдері арасындағы меморандум аясында келген мамандарға 2 миллион теңге көлемінде біржолғы көмек беріледі. Бұл жас дәрігерлер үшін үлкен ынталандыру», деп толықтырды спикер.

Тағы бір маңызды қадам – интерндерді оқытуға қаржылық қолдау көрсету. Бұл жаңа білікті мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. Аталған шара ауданның денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, медициналық қызмет сапасын жақсартуға көмектеседі.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также