Өткен жылы Ақмола тұтынушыларына 65 млн теңге қайтарылды 

Өткен жылы Ақмола облысында сауданың ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Бір жыл ішінде тұтынушылардан 730 өтініш келіп түсті, оның 83% — ы қанағаттандырылды, ал азаматтарға 65 млн теңге қайтарылды. Бұл туралы брифингте ҚР сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Самат Сайдалин айтты, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Өткен жылы ең көп шағымдар бөлшек саудаға қатысты болған. Әсіресе тауарды қайтару немесе айырбастау мәселелері бойынша. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, медициналық қызметтер мен білім беру саласындағы мәселелер де жиі көтерілген. Қазіргі уақытта электрондық сауда саласында да тұтынушылар жиі сұрақтар қоюда.

«Департамент облыстағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауға ерекше назар аударды. Осы мақсатта делдалдық схемаларды анықтау және сауда үстемелерін бақылау жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы 367 бұзушылық анықталып, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге қатысты сауда үстемесінің 15%-дан асып кету деректері тіркелді. Осы мәселелерді шешу үшін Департамент кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді», – деді Самат Сайдалин.

Құқық бұзушылықтар үшін айыппұлдар да қарастырылған. Мысалы, сауда үстемесінің 15%-дан асып кетуі бойынша енді ескертулердің орнына айыппұл салынады. Бұл шаралар тауар бағасының негізсіз өсуін тоқтатуға бағытталған.

Сонымен қатар, «Сапалы өнім» жобасы аясында импорттық тауарлардың сапасы тексеріліп, 53 өнімнің 23-і санитарлық талаптарға сай болмай шықты. Бұл жағдайға байланысты айыппұлдар салынды.

«Биыл халық арасында әлеуметтік сауалнама өткізу жоспарланған. Бұл сауалнама тұтынушылардың негізгі проблемаларын анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ, жаңа заң жобалары бойынша жұмыс жүргізілуде, оның мақсаты – жосықсыз кәсіпкерлерге санкцияларды қатаңдату және электрондық коммерцияны тиімді бақылау», – деп толықтырды спикер.

Қорыта айтқанда, Ақмола облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мен тауарлардың бағасын бақылау мәселелері бойынша маңызды жұмыстар атқарылуда. Бұл шаралар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және тауарлардың сапасын арттыруға бағытталған.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также