Шортандыда диеталық және профилактикалық тағам өндіретін зауыт ашылды

Шортандыда диеталық және профилактикалық тағам өндіретін зауыт ашылды

 

Ақмола облысының Шортанды ауданында орналасқан Бозайғыр ауылында заманауи диеталық және профилактикалық тағам өнімдерін өндіретін жаңа зауыттың ашылуы салтанатты түрде өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

 

Жаңа өндіріс орны «HealthInvest» ЖШС-нің жетекшілігімен іске қосылды, оның басты өнімі – «Hormesis» (Хормезис) брендімен шығарылатын энергетикалық гель. Бұл өнім Қазақстандағы денсаулық сақтау және тамақтану саласында жаңа белестерді бағындыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

 

Өндірістің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Сағындық Шабаров қатысты. Ол жаңа зауыттың ашылуымен құттықтап, жастарды еліміздің дамуына белсенді үлес қосуға шақырды. Әкімнің айтуынша, мұндай өндіріс орындары жергілікті экономиканың өркендеуіне септігін тигізіп қана қоймай, халықтың денсаулығына да елеулі әсер ететін болады. Ол сондай-ақ жастарды елдің әлеуметтік және экономикалық дамуының қозғаушы күшіне айналуға шақырды.

 

Зауыт «Ғылым қоры» АҚ гранттық қаржыландыруы және меншікті инвестициялар есебінен іске қосылды. Өндірістік алаң 500 м² астам аумақты қамтиды, мұнда өндірістік цех, зертхана және персоналға арналған шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар орналасқан.

 

Заманауи технологиялар мен жабдықтар арқылы жоғары тиімділік пен өнім сапасы қамтамасыз етіледі. Жаңа өндіріс жылына 1 200 000 қаптама өнім шығаруға мүмкіндік береді.

 

«Hormesis» гелі денсаулықты нығайту және профилактикалық мақсатта қолдануға арналған өнімдердің бірі болып табылады. Энергетикалық гель қазақстандық стандарттарға толық сәйкес келеді. Өнім Қазақ Тағамтану Академиясында сараптамадан және зертханалық сынақтардан өткен, сонымен қатар барлық қажетті сертификаттарға ие.

 

Бұл өнімнің мақсаты – халықтың жалпы денсаулығын жақсартуға бағытталған шараларды жүзеге асыру, сонымен қатар дене шынықтырумен айналысатын адамдарға энергияны үнемді түрде алуға көмектесу.

 

Жаңа зауыттың ашылуы өңір экономикасын дамытуға, жұмыс орындарын ашуға және жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін маңызды қадам болып табылады. Алдағы уақытта «HealthInvest» ЖШС диеталық және профилактикалық тамақ өнімдерін шығару аясын кеңейтіп, өз өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап отыр.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также