Мағжан Жұмабаев атындағы кітапхана жаңа кейіпте оқырманға есігін ашты

Мағжан Жұмабаев атындағы кітапхана жаңа кейіпте оқырманға есігін ашты

Бүгін Көкшетау қаласының тұрғындары үшін ерекше күн болды. Қырық жылдан бері жөндеу көрмеген Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапхана күрделі жөндеуден өтіп, заманауи форматта қайта ашылды. Бұл тарихи сәтте Сәкен сері Жүнісов атындағы мәжіліс залы мен ақын, жазушы, драматург Төлеген Қажыбайдың шығармашылық кабинеті салтанатты түрде таныстырылды.

Бүгінгі шараның маңыздылығының бірі – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, драматург Төлеген Қажыбайдың шығармашылық кабинетінің ашылуы. Кабинетте жазушының өзі қолданған жеке заттары, кітаптары, қолжазбалары, ордендері мен медальдары, түрлі марапаттары, естелік фотосуреттері жинақталған. Кабинет ашылу салтанатына қатысқан Төлеген Қажыбайдың ұлы, филология ғылымдарының кандидаты Аян Төлегенұлы алғысын айтып, әсерімен бөлісті.

«Әкеміздің рухани мұрасы мәңгілік. Бұл кабинет – оның шығармашылығын құрмет тұтқан барша оқырманға арналған орын. Жастар осы жерден Төкеңнің еңбектерімен танысып, тәлім алады деп сенеміз. Оның өмірі мен шығармалары – өскелең ұрпаққа рухани азық», деді Төлеген Қажыбайдың ұлы.

Биыл қазақ әдебиетінің ақберені, Қазақстанның Халық жазушысы Сәкен сері Жүнісовтың туғанына 90 жыл. Осыған орай кітапханада жазушының есімімен аталған мәжіліс залы ашылды. Залда жазушының жеке кітапханасынан алынған кітаптар мен фотосуреттер қойылған. Мәжіліс залының ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова мен жазушы, «Тіршілік» ЖШС директоры Жабал Ерғалиұлы қатысты. Сонымен қатар, шара аясында Сәкен сері Жүнісовтың 90 жылдығына арналған «Серілердің соңғысы» атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференцияда жазушының шығармашылығы мен қазақ әдебиетіне қосқан үлесі кеңінен талқыланды.

«Сәкен сері Жүнісов – қазақ әдебиетіне өшпес із қалдырған тұлға. Оның шығармалары жастарды отансүйгіштікке, рухани байлықты қадірлеуге үйретеді. Бұл мәжіліс залы – ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі», – деді Жабал Ерғалиұлы.

Мағжан Жұмабаев атындағы кітапхана директоры Қуаныш Оспанның айтуынша, жөндеу жұмыстары үшін 409 миллион теңге бөлінген. Нәтижесінде кітапхананың іші толық жаңартылып, жаңа жиһаздар, заманауи компьютерлер және сканерлер алынды. Қосымша оқу залдары мен арнайы зерттеу орындары ашылды.

Мағжан Жұмабаев атындағы кітапхананың қайта ашылуы – Ақмола өңірінің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Бұл жер тек оқырман үшін ғана емес, қазақ әдебиеті мен мәдениетін насихаттайтын маңызды орталыққа айналады деп күтілуде.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также