Елде қуат көзі түгел болуы тиіс – өзбекстандық сарапшы

Өзбекстан өңірдегі алғашқы аз қуатты атом электр станциясын (АЭС) салуға кірісті. Қазіргі уақытта құрылыс алаңы дайындалып, жобалау жұмыстары басталды. Осы орайда Kazinform тілшісі белгілі өзбекстандық физик-ядрошы, Ташкенттегі Ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалының оқытушысы Шохмирзо Умаровтан сұхбат алып, АЭС-ке қатысты көптің көкейінде жүрген сұрақтарды қойып көрді.

— Шохмирзо Бахрамұлы, осы кезге дейін Өзбекстанда АЭС салу идеясы талқылау деңгейінде болып келді. Биыл мамырда түпкілікті шешім қабылданды, оның маңыздылығы неде? 

— Өзбекстан аумағында АЭС салу идеясы 1970 жылдардан бастап талқыланып келді. Дегенмен түрлі жобалар келіссөз деңгейінде қалып отырды. АҚШ, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея сияқты елдердің ұсыныстары зерттелді, бірақ түпкілікті келісім «Росатоммен» жасалды.

Биыл 27 мамырда Өзбекстанда аз қуатты АЭС салу туралы шешім қабылданды, яғни елімізде әрқайсысының қуаты 55 МВТ болатын (жалпы қуаты 330 МВт) 6 энергоблок бой көтермек. 10 қыркүйекте осы жұмыстарды бастау туралы хаттамаға қол қойылды. Оған сай, жобалық құжаттарды дайындау ісі қолға алынды.

АЭС салу шешімін қабылдаудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, біз цифрлық экономикаға ойысып жатырмыз. Бұған дейін «Цифрлық Өзбекстан» стратегиясы қабылданды. Оған сай, барлық саланы цифрландыру процесі жүріп жатыр.

Сонымен қатар, Өзбекстан аграрлық-өнеркәсіптік елден өнеркәсіптік мемлекетке айналуға ниетті. Сондықтан бұлардың барлығы үздіксіз электр энергиясын қажет етеді. Тиісінше, біздің елдің энергобалансында барлық энергия өндіру көздері болуы тиіс: күн, жел, су электр станциялары және АЭС.

— Джизак облысында салынатын аз қуатты АЭС осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қандай серпін береді?

— Джизак облысында ірі энергетикалық нысан бой көтереді. Сәйкесінше, оған қажетті инфроқұрылым қалыптасады, атап айтқанда жол, аурухана, мектеп. Мұның барлығы Джизак облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері анық.

Өзбекстан
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— АЭС-ті салумен қатар, оған қажетті мамандарды даярлау ісі өте маңызды. Бұл бағыттағы мәселелерді Өзбекстан қалай шешіп жатыр?

— Өзбекстан атом энергетикасы үшін мамандар даярлауға ерекше назар аударады, тиісінше білім беру бағдарламасын жасақтап, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының базасында кафедралар ашты.

Мәселен, Ташкентте Мәскеу физика-техникалық институтының филиалы ашылды. Ол — осы саланың білікті мамандарын даярлайтын үздік оқу орындарының бірі. Биыл оны біздің түлектеріміздің екінші легі тәмамдап, жастар энергетикалық саладағы қызметтеріне кірісті. Аталған институтқа тек оқуды озат аяқтаған оқушылар қабылданады.

Сонымен қатар, біздің өзіміздегі Ташкент мемлекеттік техникалық университеті, Өзбекстан ұлттық университеті және Самарқанд ұлттық университетінде де атом энегретикасы кафедраларын аштық.

Бұған қоса, Өзбекстан Ғылым академиясының Ядролық физика институты кадрларды даярлауда маңызды рөл атқарады, онда зерттеулер жүргізіледі, тәжірибелік сабақтар өтеді.

Шетелде білім алуға ниетті жастар үшін де жағдай жасалған. Корея, Қытай, АҚШ және Ресейде оқып жүрген өзбекстандықтар аз емес. Сонымен қоса, мамандарымыз шетелдерге тәжірибе алмасуға барып тұрады.

Кейбір мамандар «Росатом» салып жатқан атом электр станцияларының құрылыс барысына қатысады. Өзбекстанның атом энергетикасы саласындағы мамандарды даярлау стратегиясы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің жоғары бағасын алып үлгерді.

Өзбекстан
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— Қазір әлем елдерінде жұмыс істеп тұрған АЭС-тердің реакторлары барлығы дерлік сумен салқындатылады. Осы орайда көпшілік АЭС тұщы судың тапшылығына әкеле ме деп алаңдаулы. Бұл мәселеге қатысты сіздің көзқарасыңыз қандай?

— Көпшілігі АЭС көп су тұтынады деп ойлайды. Дегенмен бұл жаңсақ пікір. Егер қуаты бірдей болса, онда АЭС те жылу электр станцияларымен (ЖЭС) бір мөлшерде су тұтынады. Өйткені, екеуінде де термодинамикалық цикл жүреді, яғни су буға айналады, кейін ол турбинаны іске қосады да әрі қарай ол бу конденсат күйінде тұнады.

Бұл цикл АЭС-те де, ЖЭС-те де бірдей. Біз алдағы уақытта өңірде су тапшылығы болуы мүмкін екенін ескере отырып, реакторларды «құрғақ» салқындату жүйесін қолдануға ниеттіміз. Ол тұтынатын судың шығынын шамамен 10 есе азайтады.

— Тұрғындарды алаңдататын сұрақтың бірі – АЭС-тің қауіпсіздігі жайлы. Станцияның іргетасы мен өзге де бөліктері біздің өңірге тән жер сілкінісі, сел, дауыл және өзге де төтенше жағадайларға қаншалықты төтеп бере алады?

— Болуы мүмкін түрлі төтенше жағдайларға төтеп беру үшін АЭС-ті жоспарлау кезінде барлық ерекшеліктер ескеріледі. Ол салынатын жерді зерттеуден басталады. Сейсмологиялық тұрақтылығы, топырақтың сапасы және басқа да ерекшеліктері зерделенеді. Осылардың барлығы жоспарлау кезеңінде есепке алынады.

Мысалы, АЭС Армения еліндегідей сейсмикалық белсенді аймаққа салынса, онда реакторлар сол жағдайларға бейімдеп құрылады. Аталған нысан 1988 жылы болған 9 балдық Спитак жер сілкінісіне төтеп бере алды, оның іргетасы мен өзге де қабырғаларына зақым келген жоқ. Бұл АЭС-ті жобалау кезінде тиімді шешімдер қабылданғанын растайды.

Мұнымен бірге заманауи АЭС-тер «пост-фукусималық» талаппен салынады. Онда ең экстремалды сценарийлер ескерілген. Мәселен, АЭС цунами қаупі өте төмен, шөлейтті аймақта салынса да, ол цунамиге төтеп бере алатындай талаппен құрылады. Апаттық кезеңде электр энергиясымен жабдықтау үшін арнайы дизелдік генераторлар қарастырылады. Бұл шаралар кез келген төтенше жағдай сәтінде АЭС-тің іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также