«ТОҚАЕВ МОДЕЛІ»

 

 

Сонымен, ұлттық бірегейлік мәселесін­дегі ескі және жаңа көзқарастардың айыр­ма­шылығы неде? Бұрын ұлт құру процесі, негі­зінен, стихиялы болды және оған «жо­ғары­дан» ықпал ету әрекеттері декларативті тетік­терді қабылдаумен шектелді. Сондай-ақ бұл жұмыстың барлығы мемлекеттің ақ­параттық тапсырысымен орындалатын БАҚ-тағы тақырыптық дискурспен тәмамда­латын. Ал «Тоқаев моделі» болса, мемлекет пен қоғамның ұлтты біріктіріп қана қоймай, оған ХХІ ғасырда жаңа сапа бере алатын ортақ құндылықтарды іріктеу және әзірлеу жөніндегі проактивті қызметін ұсынады.

Дәл осылай екі бірегейліктің орнына елді бө­ліп-жармайтын жаңа тәсіл алға шыға бас­тады. Осынау «Тоқаев моделі» Тәуелсіздік алға­лы бері бір жүйеге түскен және көпшілік қа­былдаған ортақ мәдени, саяси, экономи­ка­лық, тұрмыстық, дәстүрлі, өмірлік құнды­лық­тар кешенін негізге алады. Бұл үлгі елі­міздің азаматтарын жікке бөлмейді, кері­сін­ше біріктіреді. Мұның бәрі, түптеп келгенде, жаңа жалпыұлттық бірегейліктің іргетасы болып қаланады. Бұл – уақыт талабына сай ны­ғайту мен жетілдіру арқылы жұмыс істеу­ге болатын және соған қажет берік қоспа. Ескеретін жайт: оның барлық құраушы бөл­шектері механикалық қоспа емес, қорытпа, яғни, түрлі құрамдас бөліктердің жаңа біре­гей мәнге сапалы трансформация­лануы­ның нәтижесі.

Бұл қорытпаның бірегейлігі сол – ол әр­түрлі мәдени құндылыққа негізделген эле­менттердің бітеқайнасып кетуімен ғана ай­қындалмайды. Сондай-ақ Қазақстан хал­қы­ның жалпыұлттық бірегейлігінің негізгі сипаты – «қазақы» мәдени кодтың басым болуымен де дараланып тұрады. Бұл, шама­мен, «ағылшындық», британдық бірегейлік­тің болмысын айқындайтын жағдайға ұқ­сайды. Бұл ретте қазақы бірегейлік те басқа дәстүрлердің мәдени элементтерін өзіне қабылдайтынын назарда ұстаған жөн.

Дәл осы қазақы мәдени код элементтері ортақ азаматтықпен және өзге де ортақ құн­дылықтармен бір қатарда тұрады, алуантүрлі сипаттағы бірлікті қамтамасыз ететін маңыз­ға ие. Сонымен бірге бұл ұлтқа, көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес, өзгелерге ұқса­майтын ерекшелік сыйлайды. Соның арқа­сында біз шетелдіктер арасынан «қазақ­тарды» этностық тегіне қарамастан, жазбай тани аламыз.

Бұл модельдің мәнін Мемлекет басшысы 2023 жылы былайша тұжырымдап берді: «Бү­гінде азаматтарымыздың барлығы өзде­рін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ елінің мүшесі сезінеді. /…/ Осы ретте біз мақтаныш ететін этномә­дени әралуандығымыз ешқайда жоғалып кет­пейді. Керісінше, біртұтас азаматтық не­гіз есебінен нығая түседі. Елімізде түрлі мә­дениет дәстүрлері жалпыұлттық біре­гейліктің берік іргетасы болып қаланатын өзімізге тән айрықша өмір сүру салты қа­лыптасты».

Ұлт құрылысының аморфтық, бет-әл­петсіз, субъектісіз жалпыазаматтық моде­лі­нен қазақ мәдени генотипінің айқын субъек­тивтілігіне ауысуы – «Тоқаев моделінің» басты маңызды ерекшелігі. Бұл жекелеген бірегейліктердің «біртұтас қазақ отбасының» аясында бір мәдени-ақыл-ой матрицасына ұласуынан көрінеді. Мұның бәрі – ешқандай қы­сымсыз немесе мәжбүрлі ассимиля­ция­лаусыз, тұрғылықты жердің, мәдени орта­ның және сандық фактордың ықпалы­мен болып жатқан табиғи процесс.

Осы пікірімізге Мемлекет басшысының: «Даңқты отандастарымызды, спортшы­лары­мызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалым­дарымыз бен студенттерімізді, кәсіп­кер­лері­мізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үне­мі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құ­былыс. Солай болуға тиіс», – деген ұстаны­мы дәлел.

Объективті үдерістерді негізге алу – «Тоқаев моделінің» тағы бір ерекшелігі. Бұл – түп-тамырдан алшақтатып, негізсіз шығын­дар­ға ғана әкелетін күрделі конструкция­лар­ды, доктриналар мен бағдарламалар жа­сауға тырысудан түбегейлі бас тарту деген сөз.

Алайда осы қарапайымдылық жағдайды жүгенсіз жіберу дегенді білдірмейді. Кері­сінше, бұл – оқиғалардың қалыпты ағынына жәрдемдесу, бағытты түзеп, жолда кездескен кедергілерді еңсеріп, кедергілер туғызбай, қоғам көшіне ілесіп отыру. Айкидо қағидаты да осыған саяды. Яғни, ол – табиғи процес­тердің энергиясын ақырын, бірақ анық, тұншықтырмай әрі тежемей мақсатқа бағыттау. Сонымен қатар ол – қарсы қоймай ортақ мүдделерді іздеу, ассимиляцияламай интеграциялау.

«Тоқаев моделінің» тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – прагматизм және нәтижені көздеу. Соның негізінде дискурс шындығын іс-әрекет шындығы алмастырды. Тиімділігі күмәнді, ұзаққа созылатын, бірінен-бірі туындайтын бағдарламалардың орнын нақ­ты істер басты. Осыған қарап, Жаңа Қазақ­стан дегеніміз амалдың сөзден басым түсуі деп айта аламыз. Бұл 15 жылға жуық уақыт тұралап қалған ауқымды ЛРТ жобасының Мемлекет басшысы араласқаннан кейін 2025 жылдың күзінде тест-драйвтан өтуге дайын болуынан да көрінсе керек.

Ұлт құру ісіндегі бұл прагматизм барлық ба­ғыттан байқалады. Әсіресе, поп-мәде­ниетті, фильмдерді, сәнді, тамақты, спортты, әлеуметтік желілердегі контентті қалыптас­тырушы әсерді туындататын негізгі бағыт­тарды саналы түрде қолдау мен насихаттау­дан да көрінеді. Қалыптастырушы әсер деп отыр­ғаным – ұлттық трендтердің, көп жағ­дайда, жастар арасында қалыптасуы­на барын­ша кең және терең әсер ететіндей тарал­­ған көңіл күй толқыны. Мұнда да «қа­за­­қылықты» сәнге айналдырған креативті ин­дустрия «Тоқаев моделінің» негізгі басым­ды­ғы екенін атап өткен жөн.

Бұған нақты мысалдар аз емес. Себебі кейін­гі жылдары Димаш Құдайберген, Ирина Кайратовна, Қазыбек Құрайыш, Мирас пен басқа да жаңа толқын Q-pop орын­даушылары арқылы қазақ поп-музы­касы әлемге таныл­ды. Қазақ киноин­дуст­риясы қарқын алып, соңғы екі-үш жылда фешн-және гастро-индустриядағы этно­бағыттар алға шықты. Әлеуметтік желілерде ұлттық тақырыпқа ар­налған авторлық роликтердің саны да, са­пасы да артты. Мұ­ның бәрі – біздің пікірі­міздің дұрыс екенін рас­тайтын дәлелдер.

Жалпы, Мемлекет басшысы креативті индустрияны ұлттық жаңғырудың маңызды тетігінің бірі ретінде қарастыруы тегін емес. Себебі дәл осы салада soft power, яғни жұм­сақ күшті пайдаланудың берері мол. Бұл істе ешкімді мәжбүрлеу, күшпен көндіру немесе медиа гипнозды қолданудың қажеті жоқ. Қайта тартымды трендтер қалыптастыру арқылы жеке қызығушылыққа және эмоция­ға әсер ететін тетіктерді жандандыру айрық­ша мәнге ие.

Түптеп келгенде, болашақтағы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолын айқындау және содан келіп туындайтын ұлттық ренессанс «Тоқаев моделінің» негізгі қағидаты саналады. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осылайша, олар ұлттың рухын жаңғыртуда. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ре­нессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді».

ХХІ ғасырда ұлтты қайта жаңғырту 2050 жылдарға көздеген бұлыңғыр меже емес,

ол – орта мерзімде нақты қол жеткізуге бола­тын айқын мақсат. Бұл жолда ұлт өзін бір отбасы ретінде сезінуге тиіс. Бұл отба­сы­ны ортақ құндылықтар және еліміздің ұзақ­мер­зімді даму перспективаларына деген ор­тақ көзқарас байланыстыруы шарт. Ал мұ­ны тек ұлттық диалог арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Халық үніне құлақ асатын мем­лекеттің жаңа институты – «тарих тағы­лымы мен жарқын болашақты» тоғыс­тыра­тын Ұлттық құрылтай дәл осы мақсатпен құрылды.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также