Астрахан ауданында инвестициялық өсім мен инфрақұрылым дамуда

 

Астрахан ауданында жылдың алғашқы төрт айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші айтарлықтай артқан. Бұл туралы аудан әкімі брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Биыл аудан өнеркәсібі 1909,6 млн теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі (НКИ) 123% құрады. Бұл көрсеткіш аудан кәсіпорындарының толық жүктемемен жұмыс істеуінің нәтижесі. Атап айтқанда, «Миллхауз» ЖШС ұн мен кебек өндірісін, «AZAM KC» ЖШС астық кептіру жабдықтарын шығаруды ұлғайтқан.

Инвестициялық белсенділік те айтарлықтай артып отыр – негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 2,6 млрд теңгеден асты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен көп.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2290,9 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда төмендегенімен, нақты көлем индексі 104,2%-ды көрсетті. Бұл – өндіріс көлемінің қысқаруына қарамастан, өнім құрылымының тиімділігін сақтап қалғанын білдіреді. Аудан бойынша жаздық егіс көлемі 390,5 мың гектарға жеткен», деді спикер.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 683,7 млн теңгені құрап, НКИ 444,9%-ға жетті. Бөлшек сауда айналымы 2054,3 млн теңгені құрап, 135,8% өсім көрсеткен.

Ауданда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1319 бірлікке жетсе, оның ішінде белсенді жұмыс істейтіндері – 1227. Өткен жылы 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 29 жаңа жұмыс орны ашылды.

Көктемгі қар суының әсерінен Колутон, Ягодное және Жаңа-Тұрмыс ауылдарындағы бірнеше үй су астында қалды. Аудан аумағында жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, 62 тұрғынға жалпы сомасы 255,2 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді.

«Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бірқатар елді мекендерде су құбырлары мен тазарту қондырғылары салынып жатыр. Старый Колутон ауылында 339 млн теңгеге дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталуда», деп қосты аудан әкімі Талғат Ерсейітов.

Ауданда медицина саласында кадр тапшылығы байқалады. 7 дәрігер жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін 5 студент аудан әкімінің грантымен медицина университетінде білім алуда.

Ауданда 31 мектепте 3391 оқушы білім алады. Дегенмен, математика, қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндері бойынша мұғалім тапшылығы өткір тұр. Камышенка мен Жаңа-Тұрмыс ауылдарындағы мектептерде күрделі жөндеу жүргізілуде.

Жұмыспен қамту бағытында биыл 176 адам жұмысқа орналастырылған. Жұмыссыздық деңгейі – 1,8%.

Новочеркасск ауылында спорт залы бар жаңа Мәдениет үйінің құрылысы басталды. Жоба құны – 1,2 млрд теңге. Сонымен қатар Первомай ауылында да мәдениет нысаны салынуда.

Қорытындылай келе, аудан әкімі Талғат Ерсейітов ел Президенті қойған 2029 жылға дейінгі экономикалық мақсаттарға жету үшін аудан жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также