Көктемнің келуімен Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының тұрғындары су тасқыны қаупіне дайындық жұмыстарын жүргізуде. Қала аумағынан өтетін Нұра өзені жыл сайын су деңгейінің көтерілуіне байланысты тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарына қауіп төндіреді. Осыған байланысты жергілікті билік су тасқынының алдын алу мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл туралы брифинг барысында қала әкімінің орынбасары Нұрлан Садыров мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Қосшы қаласының су жинау станциясы маңы мен Тайтөбе ауылындағы Мүсірепов көшесі орналасқан үшінші шағын аудан су басу қаупі жоғары аймақтар болып белгіленді.
» Қала және ауылды жерлерде қорғаныс бөгеттерін нығайту, су өткізу жүйелерін тазарту және жедел штаб құру сияқты шаралар қабылданды. Халықты және елді мекен аумақтарын су тасқынынан қорғау мақсатында арнайы топырақтан тұрғызылған қорғаныс бөгеттері салынды», – деді спикер.
Инженерлік қорғаныс шаралары аясында төрт ірі жоба жүзеге асырылып, төтенше жағдайларды жоюға қажетті жабдықтар сатып алынды. Қосшы қаласында ұзындығы 3500 метр болатын қорғаныс бөгеті күшейтілсе, Тайтөбе ауылында 2500 метрге созылған бөгет салынды. Сонымен қатар, бірнеше нүктеде су өткізу құбырлары орнатылып, әлсіз аймақтарға қосымша инертті материал төселді.
«28 ақпаннан бастап Қосшы қаласының әкімі арнайы қаулы қабылдап, қалалық жедел штаб құрылды. Азаматтық қорғау қызметтері тәулік бойы кезекшілік режиміне ауыстырылды. Өзен арналарының жағдайын бақылау үшін арнайы бекеттер қойылды, ал әкімдік жанынан диспетчерлік қызмет іске қосылды», деді қала әкімінің орынбасары.
Су тасқынына қарсы шараларға 80 техника жұмылдырылып, олардың қатарында 15 ассенизаторлық көлік бар. Жедел әрекет ету топтарының құрамында 63 маман жұмыс істеуде. Қала орташа тәуекел аймағына жатқызылғанымен, жағдай ушыға түскен жағдайда қосымша күштер тартылады. Тұрғын үйлердің ауласына су кіру қаупін азайту үшін қар шығару жұмыстары белсенді жүргізілуде. Осы уақытқа дейін 204 000 текше метрден астам қар шығарылып, 920 текше метр еріген су сорылды.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жергілікті билік сегіз меморандумға қол қойды. Бұл келісімдер арнайы техника, жылыну бекеттері, азық-түлік, тұрғын жайлар және қажетті материалдармен қамтамасыз етуді қарастырады. Қорғаныс шаралары үшін 2100 тонна инертті материал әзірленді. Сонымен қатар, халық арасында алдын алу шаралары жүргізіліп, төтенше жағдай кезінде не істеу керектігі туралы арнайы жадынамалар таратылуда.
Су тасқынына қарсы атқарылған кешенді жұмыстардың арқасында тұрғындардың қауіпсіздігі мен қаланың инфрақұрылымын сақтау басты мақсат болып отыр.