Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбаты
БІЗДІҢ БІР ҒАНА ОТАНЫМЫЗ БАР, ОЛ – ҚАЗАҚСТАН – Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін Сізге көп рахмет. Сіздің алдыңғы сұхбатыңыз орыс тілінде болды. Баспасөз хатшыңыздың айтуынша, ол сұхбат халықаралық аудиторияға арналған. Бұл жолы қай аудиторияға арналады? Осындай бөле-жару қазақ тілін кемсіту болып есептелмей ме? – Бұл ешқандай да кемсітушілік немесе менсінбеушілік емес. Осыған дейін көптеген телеарна менен бірнеше рет сұхбат беруді сұраған болатын. Мен олардың ешқайсысына келіскен жоқпын. Кейін тек «Хабар» арнасына ғана сұхбат беремін деп шештім. Себебі ел ішінде көптеген жалған ақпарат тарап жатты, соларға тоқтау салу керек болды. Сол сұхбат орыс тілінде жасалды.…