Жақсы ауданының білім саласындағы жетістіктері мен даму жолдары

 

Жақсы ауданында 19 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Үш мыңға жуық оқушы білім алуда. Қазіргі таңда білім сапасы тек жеке адам үшін ғана емес, ауданның болашағы үшін де ерекше маңызға ие. Осыған орай, 2024 жылы ауданда білім беру саласында бірқатар елеулі өзгерістер мен жетістіктер орын алды. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Олжас Абжанов брифингте мәлімдеді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

 

Білім беру саласында балалардың шығармашылық дамуына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Ауданда 4 қосымша білім беру ұйымы бар. Ол жерде балалар музыканы меңгеріп, түрлі үйірмелерге қатыса алады. Одан бөлек оқу-өндірістік комбинат және жас натуралистер станциясы жұмыс істейді. Бұл мекемелерде мыңға жуық бала түрлі үйірмелер мен білім беру бағдарламаларына қатысып жүр.

 

«Сонымен қатар, ауданда 3 балабақша жұмыс істейді. Ол жерде 255 бала тәрбиеленсе, 18 мектеп жанындағы мини-орталықтарда 435 бала қамтылған. Осылайша, аудан бойынша жалпы 690 бала мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етілген, бұл 90 пайызды құрайды», — деді спикер.

 

Мұғалімдер үшін де бірқатар қолдаулар көрсетілуде. Ауданда 500 ден астам педагог жұмыс істейді. Аудан мен ауылдарға жас мамандарды тарту жұмысы да жасалып келеді. Соңғы үш жылда 40 жас маман мектептерге қабылданыпты. Өткен жылдың өзінде ауданға 20 жас мұғалім келіп, барлығы да көтерме жәрдемақымен қамтылған. Ал 7 педагог тұрғын үй несиесін алды.

 

Жақсы ауданында білім беру сапасын арттыру үшін жаңа жобалар да қолға алынған. Мысалы, 2024 жылы ауданның екі мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Есіл мектебі бойынша жөндеу жұмыстары «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында екі жылдық жобамен жалғасуда. Киров мектебіндегі жөндеу жұмыстары да аяқталды. Сонымен қатар, 8 білім беру мекемесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаражат бөлінді. Ауданда мектептерді көлікпен қамтамасыз ету мақсатында екі жаңа «Газель» автокөлігі сатып алынған.

 

Аудан әкімінің орынбасары осы жылғы жұмыс жоспарымен де таныстырды. Оның айтуынша Есіл, Перекатное және тағы үш мектептің жөндеу жұмыстары жалғасып, қаржы бөлінеді.

 

«Білім беру саласындағы жетістіктер мен даму жолдарының қатарында мектеп инфрақұрылымын жаңарту ғана емес, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, жаңа білім беру технологияларын енгізу де бар. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек. Жақсы ауданында білім беру саласы тек қана балалардың білімін арттырумен шектелмей, олардың шығармашылық қабілеттерін де дамытуға бағытталған шаралар жүзеге асырылады» — деп толықтырды Олжас Абжанов.

 

Аудандағы білім жүйесінің дамуы, сондай-ақ мектептердің материалдық базасының жақсаруы аудан тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік сала болып қала бермек.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также