Біржан сал ауданында 3 мектеп күрделі жөндеуден өтті

 

Ақмола облысының Біржан сал ауданындағы мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерінің білім алуы үшін жағдай жылдан жылға жақсарып келеді. Ауданда қазіргі уақытта 25 мектеп болса, оның 21-де даярлық ұйымдары жұмыс істейді. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Орынбасар Ахметова журналистермен өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Аудан бойынша екі жарым мыңға жуық оқушы бала бар, оларға 528 мұғалім тәлім-тәрбие береді. Мектепке дейінгі білім беру саласында да оң өзгерістер орын алуда. Ауданда 21 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда төрт жүзден астам бала тәрбиеленуде.

«Қызылұйым ауылындағы негізгі орта мектептің жанынан 10 орындық шағын орталық ашылды. «Күншуақ» бөбекжай-бақшасы кеңейтілді, 2024 жылдың 2 желтоқсанында 30 бала қабылданды. Бұл білім беру ұйымдарының қатары ауданның білім саласының сұранысын толығымен қанағаттандыруға бағытталған», — деді Орынбасар Ахметова.

Аудан мектептерінің инфрақұрылымы да жаңаруда. 2024 жылы ауданда үш мектеп күрделі жөндеуден өткізілген. Олар Степняк қаласындағы №1 мектеп, Андықожа батыр және Кеңащы ауылдарының мектептері. Сонымен қатар, Макинка ауылының мектебіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып, қаражат толықтай бөлінген.

«Бұланды ауылында көп жылдан бері аяқталмаған құрылыс жұмыстары да нәтижесін беріп, жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған мектепте 16 кабинет, спортзал, алғашқы әскери дайындық кабинеті және басқа да арнайы кабинеттер бар.
Аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары да жүргізілуде», — деп толықтырды спикер.

Біржан сал ауданындағы барлық мектептерде оқушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалмаған. Ауданның барлық білім беру ұйымдарында бейне бақылау камералары орнатылып, қауіпсіздік деңгейі арттырылды.

Инклюзивті білім беру бағытында да маңызды жұмыстар жүргізілуде. 262 ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыға білім беру қызметі көрсетілуде. Үлгі ауылында және Абай атындағы №2 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып, 30 бала қамтылған.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также