Ақмола облысындағы Президенттік шырша: мерекелік іс-шараға 200 бала қатысты
Бүгін Қазақстанның барлық өңірлерінде Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ұйымдастырылған Жаңа жылдық іс-шаралар өтті.
Көкшетауда облыстың басты шыршасы «Bolashaq sarayi» балалар мен жасөспірімдер сарайында жағылды. Мерекеге облыстың қалалары мен аудандарынан 200-ге жуық бала шақырылды.
Алдағы Жаңа жылмен балаларды облыс әкімінің м.а. Елдос Рамазанов құттықтады, ол жас ұрпақты қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, балалардың әрқайсысының табысты дамуына үміт білдірді.
«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жас ұрпақ Қазақстанның дамуында шешуші рөл атқарады және прогрестің қозғаушы күшіне айналады. Біз ересектер сіздің мақсаттарыңызға жету үшін барлық жағдай жасаймыз», — деді Елдос Рамазанов.
Жақсы ауданы Жаңа Қима ауылынан келген 12 жасар Арқат Шарапов оқу үздігі, көптеген олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпазы болып табылады. Ол осы деңгейдегі жаңа жылдық іс-шараға алғаш рет қатысты.
«Біз уақытты өте қызықты өткіземіз. Облысымыздың түкпір-түкпірінен келген балалармен достасып үлгердім. Батырдың костюмін анам дайындады. Маған өте ұнайды. Мен үшін шырша өте маңызды, менің жадымда мәңгі қалады. Бізге осындай қуаныш сыйлағаныңыз үшін көп рахмет», — деді жас қатысушы.
Бағдарлама аясында шыршаны жағу рәсімі, шыршаны айналып билеу және Төстік, Көк бөрі сияқты ертегі кейіпкерлерінің қойылымдары өтті. Балалар костюмдер байқауына қатысып, өлең айтты.
Мереке соңында барлық қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жаңа жылдық сыйлықтар, 120 мың теңге сомасына ақшалай сертификаттар және тәтті жиынтықтар алды.