Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанға Covid-19-ға қарсы «Спутник Лайт» вакцинасының 150 мың дозасы жеткізілгенін хабарлады. Облыстың бас дәрігері Нариман Сыздықов вакцина келесі аптада аймаққа келетінін айтты, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ведомство басшысы облыстық вакцинация пункттерінде қандай вакциналарды егуге болатындығын еске салды.
«Ревакцинацияны «Спутник V», «Спутник Лайт», «QazVac», сондай-ақ «VeroCell»вакциналарымен жүргізуге болады. Вакцинаны таңдау — әр азаматтың құқығы. Халықаралық сертификатты алу үшін азаматтар жиі «VeroCell»пайдаланады. Алайда, зерттеулерге сәйкес, оның тиімділігі отандық «Qazvac» вакцинасына қарағанда төмен», — деп атап өтті Н. Сыздықов.
Айта кетейік, ревакцинацияға арналған жаңа вакцина келесі аптада келеді.
«Біз қазір қабылдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Келесі аптада «Спутник Лайт» ревакцинациясы басталады деп ойлаймын», — деп қорытындылады спикер.
Жалпы, 2021 жылдың ақпан айынан бастап бірінші компонентпен – 338 549 адам немесе 70,7% егілді, ал екінші компонентпен-312 725 адам немесе 65,3%.
«Comirnaty» вакцинасының бірінші компонентімен 5 470 адам егілді, екіншісі – 3 175.