Еліміз тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын салтанатты атап отыр. Әлем тарихында бұл қас-қағым сәт болса, Қазақстан үшін егемендігімізді ңығайту мен экономиканы көтеру, қазақ елін дүние жүзіне танысту кезеңі болды. Осы 30 жылды мен еліммен бірге егемендігіміздің әр кірпішін қалағандар қатарында болдым десем, еш артықшылығы жоқ.
Таяуда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын оқып, көптеген жайттерді жаңа ашқандай болдым. Мен өзімнің көзқарасыммен ойлаған дүниелер, расында, басқа сатыдан қарасаң, мүлдем басқаша болады екен. Еліміздің егемендігі оңай келген жоқ. Ақ патша, одан кейін қызылдардың халқымызға әкелген зардабы аз болмады: осы жылдар үшінде халқымыздың санын азайтып қана қоймай, қазақты ұлттық рухынан айырды. Ұлтымыздың зиялы, санасы жоғары азаматтар құрбан болды осы азаттық жолында.
Аллаға шүкір, бүгінгі Қазақстан әлем мемлекеттері таңыған елдер қатарына қосылды, экономикамыз қалыпты. 1991 жылғы КСРО-ның күйреуі нәтижесіндегі ауыр жағдай артта қалды: 15-20 жастағыларға жарықсыз өткен күн-түндер, зейнетақы, айлықтың уақытылы төленбеуі, бір кездері жұмыс істеп тұрған зауыттардың бір сәтте жабылып қалғанын айтсаң, нанбайды. Сол алғашқы жылдардан жеңіл жолмен өту, жас мемлекетіміздің негізін қалау, шекараны анықтап, бекіту, ғылым мен білім салаларын, медицинаны осы замаңғы дәрежеге көтеру, қорғаныс мәселелерін шешу мен тағы да басқа шаруашылықтарды дұрыс ойластырып, дамыту, әрине, өздігінен келген жоқ. Оған жай жұмыскерден Президентке дейін қол сыбана кірісіп тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасын жоғары көтеріп, бүгін міне, бір межеден өтіп отырмыз. Барша отандастарыма бір ғана айтарым бар: бірлігіміз мәңгілік болсын.
Өмірсерік ШАЙХИН,
«Nur Otan» партиясының ардагері, журналист.