АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркия, Сербия және Италиядан келген байқаушылар Қазақстандағы сайлауға қатысты пікір білдірді. Халықаралық байқаушылар дауыс беру заң талаптарына сәйкес жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сайлау учаскелерінде регламенттің, рәсімдердің орындалуы барысына ерекше мән бердім. Түске дейін бірнеше сайлау учаскесінде болдым. Осы орайда заңнама талаптарын бұзу деректері анықталмағанын айта аламын. Сайлауды ұйымдастыру деңгейі өте жақсы», — деді Халықаралық саясат және экономика институтындағы Еуразиялық зерттеулер орталығының (Сербия) басшысы Душан Пророкович елордадағы Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингіде.
Сонымен қатар «Еуразия» геосаяси зерттеулер журналының (Италия) үйлестірушісі Стефано Верноле Астанадағы үш сайлау учаскесіне барғанын және сайлаушылардың дауыс беру процесіне қатысуы қарқынды екенін айтты.
Бұдан бөлек, «Marmara group» қорының (Түркия) басшысы доктор Мехмет Аккан Сувер Қазақстанда депуттарды сайлау процесі демократиялық қағидаларға сәйкес өтіп жатқанын айтты.
«Таңертеңгі суыққа қарамастан, қаладағы 10 сайлау учаскесіне бардым. Дауыс беруге және елдің саяси өміріне қатысып, өз жауапкершілігін сезініп отырған адамдарды көп кездестірдім. Бұл жағдай Қазақстанның демократияны ілгерілетудегі айқын қадамын байқатып отыр. Әсіресе, сайлауға келіп жатқан жастар өздерінің ұстанымын білдіріп, елдің болашағына елеулі үлесін қосып отыр», — деді Мехмет Аккан Сувер.