АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының алдағы сайлауы – Қазақстан үшін маңызды оқиға және еліміздің қазіргі тарихындағы ең трансформациялық кезеңдердің бірі. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко елімізде аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен кезектен тыс сайлауға дайындық мәселелері бойынша кездесу барысында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл сайлау – демократияны нығайту жолындағы тағы бір қадам. Қазақстан шын мәнінде жаңа мемлекетке айналды. Еліміз ауқымы мен деңгейі жағынан бірегей, жан-жақты саяси жаңғыруды бастан кешіп отыр. Ішкі және сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, еліміз өте маңызды реформалар кешенін жүзеге асыра алды. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын дәйекті түрде ұстанатынын көрсетеді», — деді Роман Василенко.
Оның айтуынша, ел басшылығының мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін сақтай отырып, үздіксіз прогресс пен оң өзгерістерді қамтамасыз етуде ниеті айқын әрі берік. Сайып келгенде, бұл сайлау инклюзивті және ауқымды реформаларды жүргізуге арналған жаңартылған демократиялық мандаттың арқасында ұлттық жаңғыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, СІМ орынбасары Қазақстан сайлауды ұлттық заңнама мен үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес өткізетіндігі туралы айтты.
Еске салсақ, 19 наурызда өтетін Мәжіліс сайлауы барысын 793 шетелдік байқаушы қадағаламақ. Оның ішінде 131 байқаушы 41 шет мемлекеттен және 662 байқаушы 12 халықаралық ұйымнан.