«АMANAT» партиясы бүгінгі күні еліміздің экономикасын, халқымыздың әл — ауқатын арттыру бағытындағы, тұрғындардың барлық топтарын тұрақты жұмыспен қамту мәселелерімен кеңінен айналысуда. Осының бір айғағы, мемлекет Президенті Қасым — Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2023 жылдың басынан бастау алатын «Ауыл аманаты» жобасы.
Өткен дүйсенбі күні партияның осы бастамасын көпшілікке насихаттау, жобаның негізгі мақсатын түсіндіру мобильді тобы Ақмола облысының бірнеше ауданданырнда болып, енді Атбасар ауданында Полтавка, Покровка, Борисовка ауыл аймақтары тұрғындарымен жүздесті.
Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Ә.Бегалинов, «Аманат» партиясының аудандық филиалы төрағасының орынбасары Н.Рахимов жиналған жұртшылыққа келген қонақтарды таныстырып, ауылдарды аралап халықпен кездесулер барысындағы мақсатты таныстырып өтті.
Бұл жоба 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Түпкі мақсаты ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту арқылы, тұрмысын жақсарту, табысын арттыру. Ол үшін жобамен танысып, өздерінің күштеріне сенімді болуы мен жаңа бастамалардан жасқанбай, тартынбай іске кірісу қажет. Өздерінің ісін ашудың бірнеше жолдары бар, бұл жолда ең бастысы, өзінің күшіне сену, сонда түпкі нәтиже оң болады. Біздің ауданда бүгінде өздерінің істерін домалатып отырған біраз азамат бар. Олар да кеше кытайдың ала сөмкесін арқалап, тауар тасыған жер — жерден. «Көз қорқақ, қол істейді» деген белгілі мақал бар емес пе? Ауылда отырып мал ұстамаса, бау — бақша екпесе, күнің не болмақ?
Мобильді топтың мүшесі, осы жобаны халыққа түсіндіруге әдейі тартылған сарапшы Дмитрий Шледевицтің пікірінше, жоба ауыл азаматтарына кәсіпті бірлесе, кооперация құру негізінде ұйымдастырып, түпкі нәтижеге жетуге жол ашады. Осы бағытта үкімет тарапынан да ауқымды қолдау бар. Келесі жылы жоба іске қосылып, 2,5 пайызбен несие алуға мүмкіндік туады. Онымен бірге, ауылшаруашылық техникасын алуға лизинг жолдары қарастырылады. Кооперативтер үшін инвестициялық субсидиялар бөлу де қарастырылған. Ал, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ауылдарда құрылатын кооперативтердің жұмысын үйлестіріп отырады. Демек, жаңа кооператив аяғына тік тұрғанша, жан — жақты көмек — қолдау жасалады. Бұған қоса, ауыл шаруашылық саласының білікті мамандары тегін кеңестер береді,- дейді сарапшы.
Оның айтуынша, бұған дейін «Ауыл аманаты» жобасы пилоттық негізде Жамбыл облысында алғаш жүргізіліп, оң нәтиже берген. Жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған. Ауылшаруашылығы мен егін шаруашылығын дамытып, оларды өңдеу, жеткізу, сату секілді сатыларын дұрыс құрып, істерін жүргізіп отырғандар саны артқан.
Топ сарапшысы Гүлсін Абдуллинаның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасының артықшылығы көп. «Бағдарлама шынымен де халықты табысын арттыруға бағытталған. Үкімет ауыл адамдарына кооператив құру арқылы кәсіптерін жетілдіруді ұсынады. Оның ұтымды тұстарының бірі, жеке кәсібінің тынысын кеңейту. Әсіресе ауылшаруашылығы тауарларын өндіру саласында тиімді. Біріншіден, кооператив құру арқылы ауылдықтар мал азығы мен тұқымды және тыңайтқыштарды өз бағасынан арзандау сатып алады» — дейді сарапшы.
Кооператив құрудың 2017 жылдың тәжірибесін еске ала отырып, оны құру жолдары жетілдірілуде. Күш біріктіруге ауыл азаматтары қарсы емес, бірақ оларды алдымен жайлым мен шабындық алқаптары мәселелері алаңдатуда. Осы мәселелер алдымен шешілулері керек дейді ауыл азаматтары кездесу барысында. Бос жатқан ауылшаруашылық жерлері жоқ, барлығының иелері бар. Бұл тұрғыда ауыл аймақтары әкімдері иығына ауыр жүк сеніп тапсырылады. Олар осыған дейін «Ауыл аманаты» жобасы аясында арнайы оқуда болып, жобаның негіздерімен таныстырылған. Ендігі кезекте олар аймақтарына басым бағыттарды анықтап, сараптама жүргізетін болады. Жер телімі, инфрақұрылым мен басқа да қажеттіліктер ескеріліп барып, ауылдағы пилоттық жобаларға сай, кооперативтер құру қолға алынуы тиіс. Жаңа істі бастау қашанда қиын әрі сенімсіздік бар деген ауыл тұрғындары сарапшылармен сөйлесіп, өздерінің көзқарастарын айта отырып, телефондарымен алмасып жатты. Демек, халықтың табысын арттыруға арналған, 2023 – 2025 жылдары іске асырылатын «Ауыл аманаты» жобасы Атбасар ауданында дұрыс жолға қойылатынына сенім мол.
Өмірсерік ШАЙХИН.