Ақмола облысының әкімі мен «Самұрық-Энерго» басшысы Көкшетау жылу электр орталығының құрылыс қарқынын тексерді
Қазақстан Үкіметі Көкшетау жылу электр орталығын (ЖЭО) өз күшімізбен салу жөнінде шешім қабылдады. Бұған дейін станцияны Ресей Федерациясының жеңілдетілген несиесі есебінен салу жоспарланған еді. Алайда, ресейлік тараптың шешім қабылдауындағы кідірістерге байланысты Үкіметтің тапсырмасымен «Самұрық-Қазына» қоры жобаны қаржыландыруды қамтамасыз етіп, бүгінгі таңда «Самұрық-Энерго» АҚ Көкшетаудағы жаңа жылу электр орталығының құрылысын бастап кетті.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов құрылыс алаңында болып, жұмыс барысын көрді. Құрылысы жүріп жатқан станцияның белгіленген қуаты — 240 МВт электр энергиясы және 520 Гкал жылу энергиясы. ЖЭО Көкшетау қаласының жылуға деген сұранысын толық өтеп, тұрғындарды жылумен және электр қуатымен тұрақты әрі сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл жобаның қала мен өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
«Бұл — Көкшетау үшін аса маңызды, тарихи оқиға. Жаңа ЖЭО қаланың ең өзекті мәселелерінің бірі жылу энергиясы мен ыстық су тапшылығын шешеді. Бұл тұрғындарға жайлы жағдай жасап қана қоймай, қаланың дамуына, жаңа өндірістер мен кәсіпкерліктің өркендеуіне серпін береді», — деді аймақ басшысы.
Марат Ахметжановтың айтуынша, ЖЭО жанынан энергетиктер қалашығы да бой көтереді. Жұмысшыларға арнап тұрғын үйлер салынады. Сонымен қатар, кадр даярлау жұмыстары басталды. Биыл өңір басшысының гранттары энергетика саласына маманданған жоғары оқу орындарына бөлініп отыр , алғашқы 10 грант Степногорск қаласының талапкерлеріне берілді. Олар үшін құрылыс нысанында ақылы өндірістік тәжірибе де қарастырылған.
300 гектардан астам аумақта станция, газ тазарту жүйесі, күл үйіндісі, 110 кВ ашық тарату құрылғысы, мазут шаруашылығы, көмірге арналған жабық қойма және өзге де инфрақұрылымдық нысандар салынады.
Құрылыс алаңында Ақмола облысының әкімі мен «Самұрық-Энерго» басшысы мердігер ұйымдардың қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді.
«Станция құрылысын «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес ұйымы — «Көкшетау ЖЭО» ЖШС жүзеге асыруда. Құрылыста заманауи қытайлық құрал-жабдықтар қолданылады. Бұл жабдықтар энергия тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді. Сонымен қатар, станцияның қуатын арттыру мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Бұл үшін қажетті инфрақұрылым салынады, алдағы уақытта өңірде тұтыну көлемі артқан жағдайда қосымша энергоблок салуға мүмкіндік болады», — деді Қайрат Мақсұтов.
Жобалаушы мен бас мердігер құрылыс жұмыстарының барысы туралы өңір басшысы мен «Самұрық-Энерго» төрағасына есеп берді. Қазіргі таңда инженерлік-геологиялық зерттеу жұмыстары аяқталып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, зауытта қажетті жабдықтарға тапсырыс берілген, алаңда құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. ЖЭО құрылысын 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.