⚡️Президент:
«Осы орайда, мен мекемелік наградаларға қызмет бабында қаза болған қаһармандардың есімін беру мәселесін қарастыруды ұсынамын. Сондай-ақ көшелер мен құқық қорғау мекемелерін батырлардың атымен атауға болады.
Мұндай тәжірибе елімізде бұрыннан бар. Лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың есімі Тараздағы орталық көшелердің біріне берілді. Сондай-ақ қаладағы оқу-жаттығу полигоны да батырдың атымен аталған. Таяуда оның өмірі мен ерлігі туралы «Капитан Байтасов» атты көркем фильм көрермен назарына ұсынылмақ.
Өрт сөндіру кезінде опат болған Асқар Забикулин де елдің есінде. Астанадағы Өрт сөндіру бөліміне және сол бөлім орналасқан көшеге оның есімі берілді. Бұл азаматтарды нағыз бейбіт күннің батырлары деуге болады. Олар ақтық демі қалғанша антқа адал болды, қызметтік парызын өтеу жолында өз өмірлерін құрбан етті.
Елге және заңға қызмет етуге бел буған әрбір азамат адамгершілік пен әділдік құндылықтарын басшылыққа алады. Қылмысқа қарсы күресті қастерлі парыз деп санайды. Мұндай қасиеттер адамға, ең алдымен, отбасындағы тәрбие арқылы беріледі. Құқық қорғау саласында ата-анасының жолын қуып, отбасы дәстүрін жалғастырып жүрген қызметкерлер аз емес. Қазір біз үш атадан бері тәртіп сақшысы болған Зайнулиндер әулетінің өкілдерін марапаттаймыз. Мен бүгін барша құқық қорғау жүйесінің ардагерлеріне зор алғыс айтамын. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.
Жалпы, заң мен тәртіп ұғымы көшедегі тазалық пен қауіпсіздік сияқты қарапайым нәрседен басталады. Жергілікті билік, бизнес және қоғам белсенділері ортақ мүдде жолында күш біріктіріп жұмыс істесе, қоғамдағы заң мен тәртіп те нығая түседі. Қазір Ақмола облысында «Зиялы қауым» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ауыл әкімдері, ақсақалдар және шаруа қожалықтарының басшылары бірлесіп, учаскелік инспекторларға қолғабыс етуде. Жергілікті азаматтардың осындай үлгілі ісіне қолдау көрсету керек. Бұл – азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Сондай-ақ бүгін мен бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген бірқатар ауылдың ақсақалдарын марапаттаймын. Құқық қорғау органдарының көп жұмысы сырт көзге көріне бермейді. Жедел қызметкерлер, тергеушілер, прокурорлар, криминалистер, патруль қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен басқа да құрылым қызметкерлері күн сайын ел тыныштығын қас қақпай күзетуде. Ешқандай қауіп-қатерге қарамастан, Отан үшін жасап жатқан адал қызметтеріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Мен Сіздерге сенемін! Әрқайсысыңыз мықты маман, отаншыл әрі адал азамат деген атқа лайықсыздар»