Ақмола облысында ірі зауыттардың қоршаған ортаға зияны қалай азайтылып жатыр

Ақмола облысында ірі зауыттардың қоршаған ортаға зияны қалай азайтылып жатыр

 

Ақмола облысында қоршаған ортаға айтарлықтай әсер ететін І санаттағы сегіз ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олар – тау-кен, қайта өңдеу және жылу энергетикасы салаларындағы өндіріс орындары. Барлығы кешенді экологиялық рұқсаттар негізінде жұмыс істеп, табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті. Бұл туралы толығырақ Ақмола облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің материалында айтылды.

 

Экология департаментінің мәліметінше, 2024 жылы атмосфераға таралған ластаушы заттардың жалпы көлемі 110,6 мың тоннаны құраған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 5 мың тоннаға төмен. Мұндай нәтижеге «Көкшетау Жылу», «Алтынтау Көкшетау» және «Қазақалтын» кәсіпорындарының үлесі зор болды.

 

«Бұл кездейсоқтық емес. Біз бұл нәтижеге жүйелі жұмыс, бақылаудың күшеюі және кәсіпорындармен бірлескен әрекет арқылы қол жеткізіп отырмыз. Олар экологиялық шараларды белсенді түрде енгізіп, жабдықтарын жаңғыртуға кірісті», — деді Ақмола облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Тұрар Картамұлы.

 

2024 жылы кәсіпорындар экологиялық шараларға 541 миллион теңгеден астам қаржы бөлген. Сондай-ақ санитарлық-қорғау аймақтары көгалдандырылып, 267 гектардан астам аумаққа ағаш отырғызылды.

 

Маңызды қадамдардың бірі — шығарындыларды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған бақылау жүйелерін (АБЖ) енгізу болды. Қазіргі таңда сегіз кәсіпорынның ішінде тек Степногорск ЖЭО осы жүйеге қосылған. «Көкшетау Жылу» жобаны іске асыру кезеңінде тұр.

 

«Экологиялық бақылауды цифрландыру — өнеркәсіптік нысандармен өзара әрекеттесудің жаңа моделіндегі маңызды элемент. «Көкшетау Жылуға» қатысты жоба дайын, мердігер анықталды. 2025 жылдың соңына дейін жүйе толық орнатылады деп күтеміз», — деді Тұрар Картамұлы.

 

АБЖ орнату құны 320 миллион теңгені құрайды, оның 100 миллионы аванс ретінде бөлінген. Жобаның жол картасы қалалық әкімдікпен келісіліп, Экология министрлігіне жолданды.

 

Қалдықтар мәселесіне келсек, 2025 жылдың бірінші тоқсанында облыста 50 миллион тоннадан астам өндірістік қалдықтар түзілген, оның 20,5%-ы ғана өңделген. Негізгі көлемі аршынды жыныстарға, байыту қалдықтарына және күл мен шлактарға тиесілі.

 

«Біз кәсіпорындармен қалдықтарды өңдеу пайызын арттыру жөнінде диалогты жалғастырып келеміз. Бұл инвестициялар мен технологиялық шешімдерді қажет етеді», — деп атап өтті ол.

 

Соңғы үш жылда бұл кәсіпорындарда тек профилактикалық бақылау жүргізілген, яғни тексерулер шығусыз өткен. Ерекше жағдай ретінде 2024 жылы тұрғынның шағымы бойынша Степногорск ЖЭО-на жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, көмір шаңына қатысты заңбұзушылық анықталып, жойылған. Кәсіпорынға 553 800 теңге айыппұл салынған.

 

«Біз азаматтардың өтініштеріне жауап береміз және қажет болған жағдайда тиісті шараларды қабылдаймыз. Экологиялық қауіпсіздік — барлығымыздың ортақ міндетіміз», — деді Тұрар Картамұлы.

 

Қазір 2025–2027 жылдарға арналған табиғатты қорғау іс-шараларының жоспары келісу сатысында. Жоспарға АБЖ енгізу, шығарындыларды азайту, қалдықтарды өңдеу көлемін арттыру және көгалдандыру жұмыстары енген.

 

«Өндірістің дамуы табиғат пен адамдардың денсаулығына зиян келтірмеуі тиіс. Бұл – біздің жұмысымыздың басты ұстанымы», — деп қорытындылады Тұрар Картамұлы.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также