Жаннұр Рамазанқызы: Таза энергияның жемісі – тұрақтылық

Елімізде АЭС салуға қатысты референдум өтетін күн белгілі болып, оған дайындық шарасы басталып кетті.

Бұған жауапты бірден-бір мекеме Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне қарасты Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті қандай жұмыстарды қолға алды?  Комитеттің Ядролық және радиациялық қауіпсіздік басқармасының басшысы Азмағанбетова Жаннұр Рамазанқызы NEGE тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

– Жаннұр Рамазанқызы, қоғамда АЭС салу мәселесі біраздан бері қызу талқыға түсіп келді. Нәтижесінде мемлекет басшысы референдум өткізу туралы шешімді жария етті. Осыған байланысты Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басты қызметі не?

– Комитеттің аясында барлық нормативтік-құқықтық акт, қандай да бір құжаттың бәрі негізінде мемлекеттік органдардың ресми сайтында жарияланады. Бұған қоғамдық талқылауда айтылған мәселелер, пікірлер, мамандар мен халықтың тұжырымы да кіреді. Одан кейін нормативтік-құқықтық актілердің өз порталы бар. Сол жерден Қазақстанның кез келген азаматы құжаттармен танысып, пікірін жазып, сұрағын қоя алады. Ал АЭС салуға қатысты айтатын болсақ, әзірге нақты жоба жоқ. Техникалық-экономикалық жоба жасалар алдында қоршаған ортаға әсері бойынша есеп түзілетін болады. Бұл есеп те нормативтік-құқықтық актілер сияқты барлық мемлекеттік органның сайттарына салынады. Мұның бәрі қоғамда ашық түрде талқыланып, яғни халық талқылау және шешім қабылдау процестеріне толыққанды қатыса алады.

Фото: ғаламтордан

– Атом энергетикасы саласындағы заңнама мен нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша қандай қадамдар жасау керек?

– Бізде атом энергетикасы енді ғана дамудың сатысына бет алған сала емес. Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда Ұлттық ядро орталығы бар, Алматыда негізін қалағанына пәлен жыл болған Ядролық физика институты жұмыс істейді, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұл салада тәжірибесі жетерлік. Ең бастысы, еліміз уран өндіру бойынша әлемде бірінші орынға шыққан. Бізде ғылыми-техникалық мекеме, білім және ғылым жағынан жетістік көп. Ал нормативтік-құқықтық акілер, заңнамалар, белгілі бір қаулы, бұйрықтар бойынша арнайы база қазірдің өзінде де бар. Қазан айында өтетін референдумнан кейін «АЭС салынады» деген шешім бірауыздан қабылданса, бұл құжаттың бәрін жетілдіріп, қажет болса жаңадан әзірлеу жұмыстары жүргізіледі.

Қазір Энергетика министрлігі радиоактивті қалдықтарға қатысты заң жобасын Мәжілістің талқылауына жіберді. Одан өзге атом энергетикасын пайдалану жөнінде заң, тұрғындардың радиациялық қауіпсіздікке қатысты заң кезінде қабылданып, жұмыс істеп келеді. Дегенмен, АЭС салынатыны нақтыланса, бұл заңнамалық құжаттың бәрі қайта қаралады, тіпті өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі де мүмкін.

– Жалпы, референдумда халық АЭС салуды бірауыздан қолдайды деп ойлайсыз ба? 

– Жеке көзқарасым бойынша, халық қолдайды деп ойлаймын. Неге десеңіз, бүкіл дүниежүзі тұрақты энергияға көшу жолына түсіп, ғылыми ізденістерге бет бұрған. Жыл өткен сайын ядролық энергетиканың технологиялары дамып, инновациялық тәсілдерді пайдалануға ойысқан. Сондықтан ақпараттық технология дамыған заманда бәрін біліп, естіп отырмыз. Меніңше, халық бірауыздан қолдауы керек деп санаймын. Бүгінгі көзі ашық жастар АЭС-тің не үшін қажет екенін жақсы біледі. Оның үстіне қазір энергия көзі жылдан жылға тапшылық тудырып келеді. Бұл тапшылық артпаса, азайған емес.

Фото: ғаламтордан

– Ал АЭС-тің қоршаған ортаға әсерін бағалау мүмкін бе? Мәселен, энергия тапшылығы мәселесін шешуден бөлек, экологиялық тәуекелдерді азайта ала ма?

– Елімізде салынғанына 50-60 жыл болған жылыту электр станциялары әлі жұмыс істейді. Олардың бәрінің тозығы жеткен. Одан бөлінетін улы газдың халық денсаулығына да, қоршаған ортаға да залалы көп. Мамандардың пікірінше, АЭС-тен зиянды қалдық бөлінбейді. Себебі, технология дамыған, жаңарған, инновациялық шешімдер тоғысқан заман. Яғни, таза энергия – ешқандай да улы зат бөлмейді. Таза энергияның жемісі – тұрақтылық. Сондай-ақ, АЭС 60-80 жылға дейін тиісті жұмысын атқара береді. Ең бастысы, мемлекетті тұрақты энергия көзімен қамтамасыз етіп, энергетикалық қауіпсіздік мәселесін түбегейлі шеше алады. Салыстырмалы түрде айтқанда, АЭС салу қай жағынан болса да, қолайлы, тиімді. Оңтүстік өңірде халық өте тығыз шоғырланғандықтан энергия тапшылығы сезіле бастады. Сол себептен де мемлекет АЭС-ті Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы маңына салуға тоқталды.

 – Осы бағытта Қазақстанның маңызды халықаралық келісімдері мен серіктестіктері жайында аз-кем айта кетсеңіз. Еліміз қауіпсіздік стандарттарын жақсарту үшін халықаралық ұйымдармен жұмыс істеу деңгейі қалай? 

– Бұл салада дүниежүзі бойынша МАГАТЭ (Халықаралық атом энергетикасы агенттігі) жұмыс істейді. Осы ұйымға Қазақстан мүше. Сол себептен біз олардың талаптары мен стандартын бұлжытпай орындап, соған сай әрекет етуі керек. Қазір еліміздің нормативтік-құқықтық актілері сәйкес келеді. Бұдан бөлек Қазақстан осы сала төңірегіндегі бірнеше конвенцияға қол қойып, ратификациялаған. Мәселен, ядролық қауіпсіздік конвенциясы, ядролық радиациялық апатқа ден қою, ядролық физикалық қауіпсіздік конвенциясы, радиоактивті қалдықтар және ядролық отынға қатысты конвенцияның бәріне қол қойып, қабылдадық.

 – Атом өнеркәсібі саласында маман жеткілікті ме? Жаңа, білікті мамандар дайындауға комитет атсалыса ма? Жастарды осы мамандықққа тарту үшін қандай да бір бағдарлама қабылдана ма?

–  Негізі комитеттің басты міндеті атом энергетика саласындағы объектілер мен субъектілердің қызметін қадағалау және бақылау. Ал атом энергетика саласын дамыту жағын Энергетика министрлігіне қарасты кейбір департаменттер қарастырады. «Мамандар жеткілікті ме, жоқ па?» деген сауалға тоқталсам, қателеспесем Қазақстанда оннан астам жоғары оқу орындарында бұрыннан физика, ядролық физика саласы мамандарын дайындап келді. Мұнымен қоса Курчатов қаласында орналасқан Ұлттық ядролық орталық пен Алматыдағы Ядролық физика институтының Өскемендегі Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Семейдегі Шәкәрім атындағы университетте филиалы ашылған. Демек, осы жоғары оқу орындарының түлектері екі мекемеден тәжірибеден, тағылымнамадан өтеді.

Сондай-ақ, соңғы жылдары «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша шетелдің маңдайалды оқу орындарынан қаншама жас маман білім алып келді. АЭС салу туралы әңгіме шықпай тұрып-ақ осы салаға қызығушылық танытып, тәуекелге бел буып оқығандар бар. Соның бірі – өзім. 2000 жылдары елімізде ядролық орталық пен арнайы институт бар екенін, онда ядролық зерттеу реакторлары барын білдім. Бұдан былай да атом саласына қажетті кадрлар сұранысқа ие мамандыққа айналуы әбден мүмкін.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также