Сонымен, ұлттық бірегейлік мәселесіндегі ескі және жаңа көзқарастардың айырмашылығы неде? Бұрын ұлт құру процесі, негізінен, стихиялы болды және оған «жоғарыдан» ықпал ету әрекеттері декларативті тетіктерді қабылдаумен шектелді. Сондай-ақ бұл жұмыстың барлығы мемлекеттің ақпараттық тапсырысымен орындалатын БАҚ-тағы тақырыптық дискурспен тәмамдалатын. Ал «Тоқаев моделі» болса, мемлекет пен қоғамның ұлтты біріктіріп қана қоймай, оған ХХІ ғасырда жаңа сапа бере алатын ортақ құндылықтарды іріктеу және әзірлеу жөніндегі проактивті қызметін ұсынады.
Дәл осылай екі бірегейліктің орнына елді бөліп-жармайтын жаңа тәсіл алға шыға бастады. Осынау «Тоқаев моделі» Тәуелсіздік алғалы бері бір жүйеге түскен және көпшілік қабылдаған ортақ мәдени, саяси, экономикалық, тұрмыстық, дәстүрлі, өмірлік құндылықтар кешенін негізге алады. Бұл үлгі еліміздің азаматтарын жікке бөлмейді, керісінше біріктіреді. Мұның бәрі, түптеп келгенде, жаңа жалпыұлттық бірегейліктің іргетасы болып қаланады. Бұл – уақыт талабына сай нығайту мен жетілдіру арқылы жұмыс істеуге болатын және соған қажет берік қоспа. Ескеретін жайт: оның барлық құраушы бөлшектері механикалық қоспа емес, қорытпа, яғни, түрлі құрамдас бөліктердің жаңа бірегей мәнге сапалы трансформациялануының нәтижесі.
Бұл қорытпаның бірегейлігі сол – ол әртүрлі мәдени құндылыққа негізделген элементтердің бітеқайнасып кетуімен ғана айқындалмайды. Сондай-ақ Қазақстан халқының жалпыұлттық бірегейлігінің негізгі сипаты – «қазақы» мәдени кодтың басым болуымен де дараланып тұрады. Бұл, шамамен, «ағылшындық», британдық бірегейліктің болмысын айқындайтын жағдайға ұқсайды. Бұл ретте қазақы бірегейлік те басқа дәстүрлердің мәдени элементтерін өзіне қабылдайтынын назарда ұстаған жөн.
Дәл осы қазақы мәдени код элементтері ортақ азаматтықпен және өзге де ортақ құндылықтармен бір қатарда тұрады, алуантүрлі сипаттағы бірлікті қамтамасыз ететін маңызға ие. Сонымен бірге бұл ұлтқа, көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес, өзгелерге ұқсамайтын ерекшелік сыйлайды. Соның арқасында біз шетелдіктер арасынан «қазақтарды» этностық тегіне қарамастан, жазбай тани аламыз.
Бұл модельдің мәнін Мемлекет басшысы 2023 жылы былайша тұжырымдап берді: «Бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ елінің мүшесі сезінеді. /…/ Осы ретте біз мақтаныш ететін этномәдени әралуандығымыз ешқайда жоғалып кетпейді. Керісінше, біртұтас азаматтық негіз есебінен нығая түседі. Елімізде түрлі мәдениет дәстүрлері жалпыұлттық бірегейліктің берік іргетасы болып қаланатын өзімізге тән айрықша өмір сүру салты қалыптасты».
Ұлт құрылысының аморфтық, бет-әлпетсіз, субъектісіз жалпыазаматтық моделінен қазақ мәдени генотипінің айқын субъективтілігіне ауысуы – «Тоқаев моделінің» басты маңызды ерекшелігі. Бұл жекелеген бірегейліктердің «біртұтас қазақ отбасының» аясында бір мәдени-ақыл-ой матрицасына ұласуынан көрінеді. Мұның бәрі – ешқандай қысымсыз немесе мәжбүрлі ассимиляциялаусыз, тұрғылықты жердің, мәдени ортаның және сандық фактордың ықпалымен болып жатқан табиғи процесс.
Осы пікірімізге Мемлекет басшысының: «Даңқты отандастарымызды, спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс», – деген ұстанымы дәлел.
Объективті үдерістерді негізге алу – «Тоқаев моделінің» тағы бір ерекшелігі. Бұл – түп-тамырдан алшақтатып, негізсіз шығындарға ғана әкелетін күрделі конструкцияларды, доктриналар мен бағдарламалар жасауға тырысудан түбегейлі бас тарту деген сөз.
Алайда осы қарапайымдылық жағдайды жүгенсіз жіберу дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл – оқиғалардың қалыпты ағынына жәрдемдесу, бағытты түзеп, жолда кездескен кедергілерді еңсеріп, кедергілер туғызбай, қоғам көшіне ілесіп отыру. Айкидо қағидаты да осыған саяды. Яғни, ол – табиғи процестердің энергиясын ақырын, бірақ анық, тұншықтырмай әрі тежемей мақсатқа бағыттау. Сонымен қатар ол – қарсы қоймай ортақ мүдделерді іздеу, ассимиляцияламай интеграциялау.
«Тоқаев моделінің» тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – прагматизм және нәтижені көздеу. Соның негізінде дискурс шындығын іс-әрекет шындығы алмастырды. Тиімділігі күмәнді, ұзаққа созылатын, бірінен-бірі туындайтын бағдарламалардың орнын нақты істер басты. Осыған қарап, Жаңа Қазақстан дегеніміз амалдың сөзден басым түсуі деп айта аламыз. Бұл 15 жылға жуық уақыт тұралап қалған ауқымды ЛРТ жобасының Мемлекет басшысы араласқаннан кейін 2025 жылдың күзінде тест-драйвтан өтуге дайын болуынан да көрінсе керек.
Ұлт құру ісіндегі бұл прагматизм барлық бағыттан байқалады. Әсіресе, поп-мәдениетті, фильмдерді, сәнді, тамақты, спортты, әлеуметтік желілердегі контентті қалыптастырушы әсерді туындататын негізгі бағыттарды саналы түрде қолдау мен насихаттаудан да көрінеді. Қалыптастырушы әсер деп отырғаным – ұлттық трендтердің, көп жағдайда, жастар арасында қалыптасуына барынша кең және терең әсер ететіндей таралған көңіл күй толқыны. Мұнда да «қазақылықты» сәнге айналдырған креативті индустрия «Тоқаев моделінің» негізгі басымдығы екенін атап өткен жөн.
Бұған нақты мысалдар аз емес. Себебі кейінгі жылдары Димаш Құдайберген, Ирина Кайратовна, Қазыбек Құрайыш, Мирас пен басқа да жаңа толқын Q-pop орындаушылары арқылы қазақ поп-музыкасы әлемге танылды. Қазақ киноиндустриясы қарқын алып, соңғы екі-үш жылда фешн-және гастро-индустриядағы этнобағыттар алға шықты. Әлеуметтік желілерде ұлттық тақырыпқа арналған авторлық роликтердің саны да, сапасы да артты. Мұның бәрі – біздің пікіріміздің дұрыс екенін растайтын дәлелдер.
Жалпы, Мемлекет басшысы креативті индустрияны ұлттық жаңғырудың маңызды тетігінің бірі ретінде қарастыруы тегін емес. Себебі дәл осы салада soft power, яғни жұмсақ күшті пайдаланудың берері мол. Бұл істе ешкімді мәжбүрлеу, күшпен көндіру немесе медиа гипнозды қолданудың қажеті жоқ. Қайта тартымды трендтер қалыптастыру арқылы жеке қызығушылыққа және эмоцияға әсер ететін тетіктерді жандандыру айрықша мәнге ие.
Түптеп келгенде, болашақтағы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолын айқындау және содан келіп туындайтын ұлттық ренессанс «Тоқаев моделінің» негізгі қағидаты саналады. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осылайша, олар ұлттың рухын жаңғыртуда. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді».
ХХІ ғасырда ұлтты қайта жаңғырту 2050 жылдарға көздеген бұлыңғыр меже емес,
ол – орта мерзімде нақты қол жеткізуге болатын айқын мақсат. Бұл жолда ұлт өзін бір отбасы ретінде сезінуге тиіс. Бұл отбасыны ортақ құндылықтар және еліміздің ұзақмерзімді даму перспективаларына деген ортақ көзқарас байланыстыруы шарт. Ал мұны тек ұлттық диалог арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің жаңа институты – «тарих тағылымы мен жарқын болашақты» тоғыстыратын Ұлттық құрылтай дәл осы мақсатпен құрылды.