Сандықтау ауданында медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Максимовка, Лесное, Каменка және Веселое ауылдарындағы медициналық нысандардың тозығы жеткен. Жаңа дәрігерлік амбулаториялардың жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыру көзделген. Жыл басынан бері Масимовка ауылындағы жаңа амбулатория құрылысына қаржы бөлінген. Бұл туралы брифингте аудан әкімінің орынбасары Сәуле Жайылғанова мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммцникациялар бөлімінен.
Атап айтқанда, Максимовка ауылындағы амбулатория құрылысына 300 млн теңге бөлінген. Аудан әкімінің орынбасары жаңа медициналық нысандардың ашылуы ауыл тұрғындары үшін сапалы және қолжетімді медициналық қызмет алуға мүмкіндік береді деп отыр.
«Ауданымыздың ауылдарында медициналық нысандарды жаңарту жұмыс жоспарында бар. Одан бөлек медициналық кадрлар тапшылығы да басты назарда. 2024 жылы ауданға 5 дәрігер келіп, олардың барлығы баспанамен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, дәрігерлер Ақмола облысы әкімдігінен 5 млн теңге көлемінде әлеуметтік қолдау алуға өтініш берді. Қазіргі таңда аудан бойынша 9 дәрігер маманы жетіспейді», — деп толықтырды спикер.
Сонымен қатар ауданға жаңа медициналық көліктер сатып алынған. Өткен жылы ауданның медициналық көлік паркі екі жаңа санитарлық автокөлікпен толығыпты. Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту мақсатында осы жылға жаңа жабдықтар сатып алу үшін бюджеттік өтінім беріліп қойған.
Сандықтау ауданында денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жаңа амбулаториялардың салынуы, білікті дәрігерлерді тарту және заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету – аудан халқының өмір сапасын арттыруға арналған маңызды қадамдар. Бұл бастамалар өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтереді.