Сандықтау ауданында су тасқынының қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету шаралары қарқынды. Ауданда су басу қаупі бар 12 елді мекен бар. Инженерлік қорғау аясында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп, бөгеттер тұрғызылды, өзен арналары тазартылды. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Қайрат Омаров брифинг барысында айтып берді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Ресми мәліметтерге сәйкес, елді мекендерден 42 870 текше метр қар шығарылды, 2 100 тонна инертті материал және жанармай қоры дайындалды. Мұз кептелістерінің алдын алу үшін 8 100 шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жоспарланған.
«Өткен жылдың қазан айынан бастап Балкашино ауылы маңында Жабай өзенінің арнасын тереңдету және жағалауды нығайту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 4,065 миллиард теңгелік жобаны «Целингидротех» ЖШС жүзеге асыруда, аяқталу мерзімі – 2026 жылдың мамыры», — деді Қайрат Омаров.
Қазіргі уақытта жоспарланған жұмыстардың 72%-ы орындалды: екі ауысымда 40 адам және 19 арнайы техника жұмылдырылған. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында мердігер Сандықтау ауылында – 100 метр, Петровка ауылында – 300 метр өзен арнасын тереңдету жұмыстарын жүргізді.
Ерекше назар Каменка ауылындағы жағдайға аударылды, онда 2017 және 2024 жылдары су тасқыны болып, ондаған үйге зақым келді.
«Сарқырама өзенінің арнасы тарылып, лайланған, бұл тұрғын үйлерге қауіп төндіреді. Өткен жылы ауылда 51 үй су астында қалды, 21 үйге нұқсан келді», — деп еске салды әкімдік өкілі.
Су тасқыны кезінде аудан орталығынан оқшауланып қалуы мүмкін басқа да қауіпті аймақтар – Красная Поляна, Петриковка, Арбузинка, Богородка және Байдалы ауылдары. Кейбір жағдайларда айналма жолдар бар, алайда кейбір ауылдарға кіреберіс жолдар мүлде жоқ.
Ауданда су тасқыны жағдайына жедел әрекет ету үшін 115 адам мен 51 арнайы техника, соның ішінде экскаваторлар, самосвалдар, тиегіштер және су көліктері дайындалды.
«Біз жағдайды үнемі бақылауда ұстап, кез келген жағдайға дайынбыз», – деп сендірді жергілікті билік өкілдері.