Біз бұған дейінгі мақаламызда ХХІ ғасыр адамзат үшін шын мәнінде енді ғана, яғни ширек ғасыр өткеннен кейін басталғанын айтқан едік. Оның басты белгісі өткен жүзжылдықтың екінші жартысында қалыптасқан іргелі геосаяси негіздер тепе-теңдігінің бұзылуы болды. Сол кезде біз Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жаңа дәуірдің сын-қатеріне төтеп беру үшін жасаған жүйелі екі қадамын талдаған едік. Оның біріншісі – саяси реформалар арқылы мемлекеттің ішкі тұрақтылығын нығайту, екіншісі – экономикалық жүйені құбылмалы әлемге бейімдеуді көздейтін экономикалық реформалар. Ал Жаңа Қазақстанның үшінші тағаны қандай болмақ?
ТАРИХТАН ТАРТЫЛҒАН КӨПІР
«Мен кіммін? Қайдан келдім?
Мені өгейсінбейтін ел бар ма?»
«Сұлтан Бейбарыс» фильмі (1989)
Әдетте, біз адамзат немесе ұлт тарихын өткеннің қойнауында қалған дүние секілді қабылдаймыз. Сондықтан оның қазіргі өмірімізге тікелей қатысы жоқтай көрінетіні бар. Әрине, тарихтың ықпалын ешкім жоққа шығара алмайды. Десек те, біз өткенге өткел салып өту мүмкін емес деп есептейтініміз жасырын емес. Бірақ кейде тарихтың тілсіз куәсі – тасқа, қабырғаға, сынған тостағанға қолымыз тисе, кенеттен кеше мен бүгінді жалғайтын көпір пайда болғандай, дәуірді дәуірге ұластырған жүйке тамырдың бүлкілдеп соққанын сеземіз.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылғы жазда Мысыр мен Сирияның сұлтаны, крест жорықтарына және моңғолдарға тойтарыс берген мәмлүк, ұлы бабамыз Бейбарыстың 800 жылдығына орай Каирге бардық. Басты мақсатымыз – Қазақстан мен Мысырдың бірлескен жобасы, ХІІІ ғасырда Бейбарыс салдырған мешіттің ашылу салтанатына қатысу еді. Нысанды қалпына келтіру жұмыстары біраз жылға жалғасқаны белгілі. Нәтижесінде, бұл тарихи жәдігер өзінің рухани болмысын жоғалтпай, қазіргі заманның сән-салтанатына сай келетін заманауи кешенге айналды. Бізге, әсіресе, ондағы архитектуралық шешім ұнады. Себебі заманауи технологиялар мен көне негіздің астасуы өткеннен болашаққа салынған көпір іспетті көрінгені рас.
Сол кезде ерекше бір күйді бастан кештім: бір сәтке туған жер мен тұрған жердің арасындағы бес мың шақырымның бар-жоғын сезбей қалдым. Өйткені талантты қолөнершілер қалпына келтірген сонау ХІІІ ғасырда бедерленген таныс ою-өрнектер, екі түсті кірпіштен қаланған қабырғалар – бәрі жүрегімізге жақын дүниелер еді. Бәлкім, біздің даңқты жерлесіміз өзінің бала кезінде Ұлы Дала төсінде қолына алған жусанның иісін сезініп, осылай болса да Отанына оралғандай күй кешкісі келген болар?!
Осындай сәттерде өзіңді бүгінгінің ғана емес, одан анағұрлым үлкен жаратылыстың бір бөлшегі сияқты сезінетін күй болады. Өзіңнен бұрынғылар мен кейінгілердің ой-армандарын, рухын, қайғы-мұңы мен үмітін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, бойына сіңірген біртұтас, үздіксіз, тірі сананың бөлігі екеніңді ұғына түсесің.
Осы тұрғыдан алғанда, Ұлы Дала – тарихи-географиялық кеңістік қана емес, ол – ұжымдық санадағы рухани өлшем. Оған дем беріп отырған көнерген қияндағы бейсаналы импульстер емес, мыңжылдық жолдағы мәдениеттермен, сынақтармен және жеңістермен бетпе-бет келгенде туған эмоционалды тәжірибе. Міне, біздің бірегейлігіміздің тамырын осы тұстан іздеу керек. Көптеген ғасыр бойы бұл жанды кеңістіктің арнасы тарамдалып, әлемге жаңа қан таратса, тартылуға шақ қалған кездері де болды. Жеңістердің атасы атанған әл-Мәлік аз-Захир Рукн ад-Дин Бейбарыс қайта оралуды армандаған осы кеңістіктің бүлкілдеп соғып тұрған географиялық және рухани жүрегі, «әлемнің кіндігінде» орналасқан мекен, ол – Қазақстан. Бұрын солай болған, қазір де солай.
Себебі әлемнің қай түпкірінде жүрсек те, тағдыр қаншама тамаша жерлерге жетелеп апарса да, мұрынды жарып, кеудені керген дала жусанының иісіне жететін ешнәрсе жоқ.
ТАРИХ ТАСҚЫНЫНДА ЖОҒАЛМАУ
Осылайша, қалыптасқан парадигмалардың бұзылуы ХХІ ғасырдың өзіндік ерекшелігіне айналды. Яғни, жаһандық қауіп-қатердің өрши түсуі, халықаралық ортақ өмір сүру қағидаттарының деформациялануы және ұлтшыл-популизмнің кең таралуы уақытша дағдарыстың өзгерістері ғана емес, бүгінгі күннің шындығын айқындайтын белгілер. Қазақстан осы біртұтас әлемнің ажырамас бөлшегі ретінде бұл үдерістерден қалыс қала алмайды.
Ал тарихтың осынау асау толқынына жұтылып кетпеу үшін мемлекетке мызғымас ішкі өзек қажет. Бұл дегеніңіз, экономика да, саяси жүйе де емес. Себебі олар белгілі бір аумаққа және ондағы адамдардың менталитетіне тәуелді емес әмбебап ұғымдар десек, қателесе қоймаймыз. Ал ішкі өзек болса, бірегей, берік, ұлтты ұйыстыратын дүниелерге табан тірейтіні анық.
Яғни, бөлшектеуге келмейтін бірегейлік қана жалпыға ортақ дағдарыс дүрбелеңінде ұлттың ыдырауына жол бермейтін молекулярлық байланыс бола алады. Бұл – барлық азаматтың өзіне ғана тән мәдени-болмыстық құндылық матрицасына жататынын сезінуі.
Аталған тезисті жақсырақ түсіну үшін біз ұлтты адаммен салыстырып көрейік. Адам тұлғасы Өзім және Өзге деген түсінік арқылы өзін өзгеден бөлектейді. Біз және Олар. Ұлттың өзін-өзі тануы осындай оппозициялық ұстанымнан басталып, оның қоршаған геосаяси ортадан жойылып кетпеуінің кепілі болады.
Қуатты ұлттық бірегейлік шығу тегіне, әлеуметтік жағдайына, діни немесе саяси көзқарастарына қарамайды. Біз айтқан ішкі өзек дегеніміз – осы. Сол ғана Қазақстанды біртұтас өміршең ағзаға біріктіре отырып, негізгі күштер мен сыртқы сын-қатерлерге төтеп бере алады. Егер саяси жүйе – оның тірегі, экономика – өмірлік нәрі болса, бірегейлік – ұлттың жаны, мәні, еркі мен рухы.
Бұл салыстыру – романтикалық абстракция емес. Себебі Самюэль Хантингтонның пікірінше, оның сипаттамалары көзге көрінбейтіндей, қолға ілінбейтіндей сан түрлі мазмұнда болса да, ұлттық бірегейліктен ұлттық мүдде туындайды. Сондықтан ұлттың мүддесін тұтас айқындау біздің кім екенімізді және басқалардан қалай ерекшеленетінімізді түсінуімізге тікелей байланысты. Ал мұны түсініп алмай, мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуын болжау мүмкін емес.
Осыдан келіп, мынадай сұрақ туындайды. Жалпы, Қазақстан дегеніміз не? Ол этностық тұтастық па, әлде ортақ азаматтық біріктірген өз қазанында қайнаған этномәдени суббірегейлік пе? Ұлттық коктейльдің ингредиенттерін біріктіретін не? Мәдениет, туыстық, саяси құндылықтар, ортақ тарих немесе болашаққа деген көзқарас па? Егер біріктіруші мәдениет болса, ол біртұтас па, әлде көпмәдениетті ме? Этностық, діни, әлеуметтік және саяси бірегейліктен биік тұратын баршаға ортақ супер-бірегейлік бізге тән бе?
Осы сұрақтарды қоюдың өзі ықтимал жауаптың көп болатынын меңзейді. Қымбатты оқырман да солай ойлайтыны анық. Бірақ біз бұдан қысылмауымыз керек. Өйткені ХХІ ғасыр – басқаларды айтпағанда, ұлттық бірегейліктің өзі әлемдік дағдарысқа тап болған дәуір.
Бұл дағдарыс барлық жерде байқалады және жаһандық сипатқа ие. Одан бай-қуатты Батыс Еуропа да, АҚШ та тыс қала алған жоқ. Бұған дәлел америкалық балқыту қазанының классикалық моделі бірнеше фактордың күшті қысымымен негізгі англо-протестанттық бірегейлік әлсіреген тұста сыр беруі айқын дәлел бола алады. Бұл қандай факторлар? Олар: Латын Америкасы мен Азиядан жаппай көшу, мәдени әралуандықтың кеңінен таралуы, нәсіл, этнос және жыныстық белгілер ұғымдарына негізделген топтық бірегейліктің орнығуы, диаспоралардың, космополитизм мен элитаның трансұлттық өзіндік бірегейлігінің күшеюі.
Осылайша, дәстүрлі америкалық бірегейлік кейінгі сегіз-тоғыз жылда айтарлықтай дағдарысқа тап болды. Таразының бір басында «Black Lives Matter» ұранымен жаппай наразылықтарға ұласқан нәсілдік дағдарыс тұр. Ал оның екінші басына АҚШ-тың ішкі және сыртқы парадигмасының түбегейлі өзгерісі орналасқан. Осының нәтижесінде «Make America Great Again» деген ұранды ту еткен Дональд Трамп АҚШ-тың 47-ші Президенті болып сайланғаны мәлім. Кейінгі жылдары №1 әлемдік держава Американы ұлы ел еткен ұлттық бірегейліктің тамырына оралу үшін жасаған BLM-нен MAGA-ға дейінгі бұл күрт бетбұрыс осы материалдық емес категорияның әлем тағдырындағы шешуші мәнін көрсетеді.
Осыдан келіп шығатын қорытынды: әрбір мемлекет үшін алдымен – ұлттық бірегейлік, содан кейін ғана – экономика мен саясат. ХХІ ғасырдағы кез келген елдің мемлекеттік басымдықтар үштігінің орнын осылай айқындауға болады. Меніңше, бұл артық айтқандық емес.
Сондықтан 2022 жылғы бетбұрыс кезеңінен бастап, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан құру туралы бастама көтеріп, өзінің реформалық күн тәртібіне ұлттық бірлік мәселесін қосты. Сондай-ақ Президентіміз: «Біз «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануымыз керек» деп, оған еліміздің барлық азаматы үшін ортақ бірегейлік құндылығы тұрғысынан назар аударды. Мемлекет басшысы осылайша ұлттың жаңа сапасын және барша азаматқа ортақ құндылықтарды қалыптастыру жолында бәрімізді ұлттық бірегейлікті нығайтуға шақырып отыр.