НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Референдум Сенаттың ықпалын азайтып, Мәжілістің рөлін арттырады деу қате. Мәжіліс депутаты Ғани Ташқараев республикалық референдумға шығарылатын конституциялық өзгерістер туралы осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Президент, Орталық сайлау комиссииясының, Жоғары аудиторлық палата төрағалары, судьялар саяси партияларға қолдау көрсетпеуі керек деген норма енгізілмекші. Мұндай норма саяси партиялар арасында теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Ешбір партияға билік тарапынан да, лауазымды адамдар тарапынан да артықшылық берілмейді. Яғни, саяси партиялар өз күшіне, өз бағдарламасына сенім артатын болады. Олар халықтың қолдауына ие болу үшін жұмыс істей бастайды. Бұл, өз кезегінде, мықты және әділ партиялық жүйені қалыптастыруға жол ашады», — дейді депутат.
Мәжіліс өкілінің айтуына қарағанда, Мәжіліс пен Сенатттың өкілетіне байланысты өзгертулердің де маңызы зор.
«Өзгеріс референдумда қолдау тапса, Мәжілістің рөлі артып, Сенаттың ықпалы азаяды деген қате пікір. Қос палатаның рөлі бірдей, тең деңгейде болады. Ешқандай палатаға артықшылық берілмейді. Заң шығару процесінде олардың дербестігі сақталып, тиімді және нәтижелі заңдар қабылдау үшін кәсіби депутаттық корпусты қалыптастыруға мүмкіндік береді», — дейді Ғани Ташқараев.
Айтуынша, бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты сайлаушылардың кері шақырып алуы енгізіледі.
Ал конституциялық заңдар Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданады.
Енді барлық заңдар сияқты олар да алдымен Мәжілісте, содан кейін Сенатта кезекпен қаралмақшы.
«Тағы бір өзгеріске тоқталып өткім келеді. Ол – дағдарыс жағдайындағы заңдарды қабылдаудың ерекше тәртібі байланысты. Парламент халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті қорғауға қатер төндіретін жағдайларға жедел шешім қабылдау мақсатында өз Палаталарының бірлескен отырысында Үкімет ұсынған заң жобасын дереу қарауға міндеттеледі», — дейді Мәжіліс өкілі.