Тарих өзінің сабағын қабылдауға дайын адамдарды ғана үйретеді. Біздің бұрынғы абырой-беделіміз бен атақ-даңқымыз өткен уақыттың еншісінде қалып, қазіргі бар міндетіміз әлемді бөліске салатын жаһандық ойыншылар арасында аман қалу ғана болып көрінуі мүмкін. Бірақ тарих болжанған тараулардан тұратын оқулық емес, ол – қорытындысын ешкім білмейтін үздіксіз процесс. Біз – оның бір бөлшегіміз. Тарих біздің бүгініміз бен болашағымызды қамтиды. Біз Ұлы тарихтың мұрагерлері ғана емеспіз. Ата-бабамыздың асыл арманы, тарихтың бұралаң жолының жаңа соқпағында қайталану үшін өз уақытын күткен әлеует болып біздің бойымызда өмір сүреді. Біз болашақты, санамызда сәуле шашып тұрған алтын ғасырды жақындата отырып, сол уақытқа батыл қадам басуымыз керек.
…Қыпшақ ауылынан шығып, қатардағы құлдан даңқты қолбасшыға дейін көтерілген әмір, қос Киенің қорғаушысы, Мысыр мен Шамның билеушісі, санаңа айрықша қуат, бойыңа ерекше күш беретін жусан иісін ешқашан ұмытпаған Сұлтан Бейбарыстың арманы да осы еді.