Қосшы қаласының тұрғындары үшін үлкен жаңалық! Қалада «Viamedis» компаниясының жеке инвестициялары есебінен көпбейінді жаңа облыстық аурухананың құрылысы басталды. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкей мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Қала әкімі орынбарасының айтуынша жаңа нысан толығымен заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Емдеу мекемесінде 1000 адам қабылдайтын емхана, сондай-ақ хирургия, травматология, кардиохирургия, нейрохирургия, онкология және химиотерапия бөлімшелері жұмыс істейтін болады.
«Бұл аурухана тек Қосшы қаласының тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін маңызды медициналық орталық болмақ. Қазіргі таңда Қосшы қаласында екі емхана жұмыс істеп тұр. Олар «№1 қалалық емхана» мен «Жанұя» отбасылық денсаулық орталығы. Жалпы алғанда, екі емханада 42 884 адам тіркелген, ал 103 жоғары білімді дәрігер халыққа қызмет көрсетуде» , деп толықтырды қала әкімінің орынбасары.
Айта кетері, қалада медицина мамандары тапшылығы мәселесі тіркелмеген. Жаңа аурухана құрылысы аяқталғаннан кейін, қала тұрғындары жоғары сапалы медициналық қызметті алу мүмкіндігіне ие болатыны сөзсіз. Қосшы қаласында медициналық инфрақұрылымның дамуы тұрғындардың денсаулығын қорғау мен сапалы емдеуге қолжетімділігін арттыра түспек.