8 тармақтан тұратын бапқа бұған дейін екі рет түсініктеме беріліп, бір рет өзгертулер енгізілген. Ал биылғы реформа негізінде екі тармағына толықтыру енгізілді. Онда Парламент палаталарының ұсынылған заңды қабылдау ережесі анық көрсетілді.
Сонымен қатар бұған дейін Парламент палаталары Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды ғана қадағалап келсе, енді Конституциялық заңдарды да кемінде екі оқылым талқылауы керек. Яғни заңның тиімділігі мен өзектілігін барынша талқылайды деген сөз.
Тағы бір айта кетерлігі, бұған дейін 62-бапта көрсетілмеген тағы бір толықтыру енгізілді осы баптың 5-тармағына. Ол – заң қабылдауда Сенат пен Мәжілістің нақты міндетін айқындау. Яғни Ата заңымызда айрықша аталмаған болса, ұсынылған заңды депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен Мәжіліс қабылдайды, Сенат мақұлдайды.
Айта кетейік, Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.
62-бап
Жаңа нұсқада: 62-бапта:
1) 5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Палаталар депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен заңдарды Мәжіліс қабылдайды, Сенат мақұлдайды.
Егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Парламенттің және оның Палаталарының қаулылары Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.»;
Ескі нұсқада: 62-баптың 5-тармағы
- Парламент пен оның Палаталарының заң актілері, егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Палаталар депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
Жаңа нұсқада: 62-бапта:
2) 6-тармақ «бойынша» деген сөзден кейін «, конституциялық заңдардың жобалары бойынша» деген сөздермен толықтырылсын.
Ескі нұсқада: 62-баптың 6-тармағы
- Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті.
Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар: 4-бап, 6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап, 46-бап, 47-бап, 50-бап, 51-бап, 52-бап, 53-бап, 54-бап, 55-бап, 56-бап, 57-бап, 58-бап, 61-бап.
Конституцияның бөлімдеріне жасалатын өзгерістер
Сонымен қатар осы жолғы талдауымызда Конституция бөлімдеріне енгізілген өзгертулерді де атап өткіміз келеді. Ата заңның екі бөлімінің атауына өзгерту енгізілді. Нақтырақ айтсақ, VI және VII бөлімдер жаңа редакцияда ұсынылды.
Жаңа нұсқада: VI бөлімнің тақырыбындағы «Кеңес» деген сөз «Сот» деген сөзбен ауыстырылсын.
Ескі нұсқада: VI бөлім. Конституциялық Кеңес
Жаңа нұсқада: VII бөлімнің тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«VII бөлім
Соттар және сот төрелiгi. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл».
Ескі нұсқада: VII бөлім. Соттар және Сот төрелiгi
https://baq.kz/konstitutsiyalyq-reforma-qay-bap-qalay-ozgeredi-62-bap_279235/