Есіл ауданы көктемгі су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің қатарына жатады. Жыл сайын су деңгейі көтерілетін өзендер мен қарғын судың әсерінен бірнеше елді мекендерге қауіп төнуі мүмкін. Осыған орай, 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр, бұл туралы Есіл ауданы әкімінің орынбасары Асқарбек Мақсұмхан брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Су өткізу құрылыстарының тиімділігін арттыру мақсатында Есіл қаласында және бірқатар ауылдарда қосымша су өткізу құбырлары орнатылып, су ағызу арналары кеңейтілді. Ленинское, Знаменка, Свободное, Калачи, Курское және Московское ауылдарында топырақ бөгеттері салынып, қорғаныс дамбалары нығайтылды. Сондай-ақ, жолдарды, көпірлерді және су өткізу құрылыстарын күшейту жұмыстары жүргізілді.
«Апаттың алдын алу мақсатында аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы құрылымдарымен меморандумдар жасасып, инженерлік техниканы су тасқыны кезеңінде пайдалануға дайындады. Медициналық бақылаудағы тұрғындарды эвакуациялау, азық-түлік қорын қамтамасыз ету, көлік қатынасының үздіксіз жұмысын ұйымдастыру бойынша нақты жоспарлар бекітілді
«Су тасқынына қарсы іс-шараларға аудандық бюджеттен едәуір қаражат бөлінді. Құм, қаптар, мотопомпалар, жанар-жағармай қоры толықтырылды. Сонымен қатар, су деңгейін бақылау және шұғыл әрекет ету үшін дрондар пайдаланылуда», дейді спикер.
2025 жылдың 6 ақпанында өткен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында су өткізу құрылыстарын тазарту, гидротехникалық бекеттерде кезекшілік ұйымдастыру, азаматтық қорғаныс қызметтерінің жұмысын үйлестіру мәселелері қарастырылды. 5 наурыздан бастап су өткізу нысандарының тазалау жұмыстары басталып, көктемгі су тасқынына қарсы шаралар қарқынды жүргізілуде.
«Есіл ауданында көктемгі су тасқынына дайындық жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Барлық жұмыстар тұрақты бақылауда, тиісті қызметтер кез келген жағдайға жедел әрекет етуге дайын. Аудан әкімдігі мен жауапты мекемелер су тасқыны қаупін азайту мақсатында метеорологтармен бірлесе отырып, тұрақты сараптамалар жүргізуде. Төтенше жағдай орын алған жағдайда, барлық қызметтер жедел әрі үйлесімді әрекет ететін болады», деп қорытындылады Асқарбек Мақсұмхан.