Мен құқық саласының маманы ретінде Жолдаудағы бірқатар мәселеге назар аудардым. Соның бірі – Президент айтқандай, тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасаған кезде мемлекетке қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы бекіту мәселесі. Мемлекет басшысы мұны шын мәнінде маңызды қадам деп атап өтті. Дегенмен ол кәсіпкерлерге ескертпесін де жасырып қалмады.
«Кәсіпкерлер қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде Үкіметпен және Бас прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс. Бұл – әр теңге үшін саудаласпай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасау керек деген сөз. Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады», деп қатаң талап қойды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Бас прокуратура мен Үкімет арасындағы осыған қатысты мәселені, қарым-қатынасты заңды түрде реттеуді тапсырды. Бұл бұған дейін толық реттелмеген еді. Мысалы, кәсіпкерлерден қайтарылған мүлік құпия ретінде сақталатын. Алайда біреудің қонақүйі қайтарылған болса, оны елдің бәрі біледі. Сондықтан Президент енді құпия емес, ашықтық керек екенін айтып отыр.
Жолдауда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – атом электр стансасының құрылысы. Бұл бұған дейін де талай мәрте қоғамдық талқылауға салынған тақырып. Міне, жыл өткен сайын елімізде электр энергиясының тапшылығы сезілгендіктен, Президент АЭС салу қажеттілігіне қайта айналып келіп отыр.
Қазіргі таңда еліміздің оңтүстік өңірі энергияны ең көп тұтынады. Атом электр стансасының сол жақтан салынуы бекер емес. Біздің мамандар қазір ең заманауи технологиялары бар, жаңа буындағы АЭС құрылысын қарастырып жатыр. Егер осы жоспарымыз сәтті жүзеге асатын болса, халқы күн санап өсіп бара жатқан оңтүстік өңірі ғана емес, еліміздің барлық аймағын тиімді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік аламыз.
«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр», деп атап өтті Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, әлемнің көптеген елі электр энергиясына қол жеткізу үшін АЭС-ке жүгініп отыр. Ол өз кезегінде өнеркәсіп пен инфрақұрылымның дамуына, халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына оң ықпал етеді. Өйткені жаңа жұмыс орындары пайда болады. Сарапшылардың айтуынша, көрші Өзбекстан жаһандық трендтерді бізден ерте бастап отыр. Олар өзінің аймақтарын дамытуға АЭС салып жатыр. Атом электр стансасының керек екенін бәрі түсінеді.
«Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын», деді Мемлекет басшысы.
Еліміздің азаматтары осы күні барлығы бір кісідей жалпыұлттық референдумға қатысып, мемлекетіміздің ертеңі үшін маңызы зор іс-шарадан қалыс қалмауға тиіс. Әрқайсымыздың дауысымыз маңызды. Біз ертеңгі ұрпақтың игілігі үшін дұрыс таңдау жасауымыз керек.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауы сүбелі мәселелерді көтерген, елдің үмітін оятқан маңызды жаңалыққа толы болды. Оны жүзеге асыру тек биліктің қолындағы іс емес, оған бәріміз жаппай атсалысуымыз керек. Президент ұйытқы болған Әділетті Қазақстанды құру – өзіміздің қолымызда.
Марат БӘШІМОВ, Мәжіліс депутаты
https://egemen.kz/article/372391-el-ertenhi-%E2%80%93-oz-qolymyzda