Біржан сал ауданы су тасқыны қаупіне дайындалуда
Біржан сал ауданында су тасқынының қаупін алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы брифингте аудан әкімінің орынбасары Есдәулет Кәленов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Оның айтуынша, Біржан сал ауданында Есіл бассейндік инспекциясының бақылауында тұрған 13 гидротехникалық құрылыс бар. Көзбен шолу арқылы жүргізілген тексерулердің нәтижесінде көпшілігінің жағдайы қанағаттанарлық деп танылды, алайда жыл сайынғы мониторинг басты міндет болып қала береді.
«Ең алдымен, Макинка ауылындағы №1, №2, №3 бөгеттері, сондай-ақ Құдықағаш, Бірсуат, Еңбекшілдер және басқа ауылдардағы гидротехникалық құрылыстарға ерекше назар аударылады», – деп атап өтті Есдәулет Кәленов.
Биылғы жылдың негізгі мәселелерінің бірі – Құдабас ауылындағы жағдай. Бұл жерде еріген қар суының мол көлемде келуіне байланысты бөгет бұзылды.
«Төрт су өткізу құрылысы су тасқынына шыдай алмады, нәтижесінде тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады. Сол себепті жол жамылғысын бұзуға тура келді. Тұрғындарға ауыз су мен азық-түлік тасымалданып жеткізілді», – деп түсіндірді әкім орынбасары.
Атқарылған жұмыстар қатарында су өткізу құбырларын орнату, өзен арналарын тазарту, бөгеттерді инертті материалдармен нығайту бар. Бірқатар елді мекендерде айналма каналдар салынды.
«Бұл шаралар су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді, бірақ біз қорғаныс құрылыстарын нығайту бойынша жұмыстарды жалғастырудамыз», – деп толықтырды Есдәулет Кәленов.
2025 жылға арналған кешенді жоспар 15 елді мекенде 20 іс-шараны қамтиды. Олардың ішінде – жаңа су бұру каналдарының құрылысы, қолданыстағы гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қажетті техника мен жабдықтарды сатып алу шаралары бар.
«Көктем жыл сайын бізді сынаққа салады, бірақ біз кез келген жағдайға дайынбыз. Басты міндетіміз – елді мекендерді қорғап, халық үшін қауіптерді барынша азайту», – деп түйіндеді Есдәулет Кәленов.