- Ақмола облысында энергия тиімділігін арттыру және энергия ресурстарын тұтынуды қысқарту бойынша бастамалар дәйекті түрде іске асырылуда. Бұл шаралар ҚР Президентінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар аясында қабылдануда.
Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институтының (ЭЭДЭҮИ) 2024 жылғы деректеріне сәйкес, өңірдің мемлекеттік энергетикалық тізілімі субъектілерінің 99,5%-ы (1175-тен 1169-ы) есеп берді. Мұндай жоғары қамту деңгейі бюджеттік және тұрғын үй-коммуналдық салаларда энергия тұтынуды 3%- ға қысқартуға мүмкіндік берді.
Өңірде инженерлік желілер жүйелі түрде жаңартылуда. 2024 жылы заманауи технологиялар мен жылу оқшаулағыш материалдарды қолдана отырып, 30 шақырым жылу және 48,8 шақырым су құбыры желілері жөнделді. Сондай-ақ, әлеуметтік саланың 10 нысанында жылу тораптары жаңғыртылып, жылу шығыны мен отын шығынын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді.
Көшені жарықтандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Ауылдық аудандарда 6 мыңға жуық тұрғынды қамтыған 9 жоба іске асырылды. 10 мыңнан астам жарықдиодты шам орнатылып, электр энергиясын айтарлықтай үнемдеуге және CO2 шығарындыларын азайтуға септігін тигізді.
«Инвестицияларға айырбастау тарифі» бағдарламасы аясында 2024 жылы 2 700 шақырымнан астам электр желілері жөнделіп, 900-ге жуық жабдық жаңғыртылды. Бұл электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырды.
Өңірде «жасыл» технологияларды енгізу жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Бүгінде жалпы қуаты 536,3 МВт болатын 18 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істейді: 17 жел, 1 күн және 1 биогаз электр станциясы. 2024 жылы олар 1 514 млн кВт/сағ экологиялық таза энергия өндірді. Ағымдағы жылы Жасыл ауылында қуаты 2 МВт жаңа биогаз станциясын салу жоспарлануда.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында энергия тиімділігіне ерекше назар аударылуда. Жаңа жобалар ғимараттарды міндетті түрде оқшаулауды, есепке алу құралдары мен жылу реттегіштерін орнатуды, сондай-ақ жылу тұтынуды басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізуді көздейді.
Көкшетау қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді энергия тиімді жаңғырту бойынша пилоттық жобаны іске асыру жоспарлануда. Жоба аясында қасбеттерді оқшаулау, инженерлік желілерді ауыстыру, автоматтандырылған жылу пункттері мен жаңартылатын энергия көздерінің элементтерін орнату қарастырылған. Германияның халықаралық ынтымақтастығы жөніндегі GIZ қоғамымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Жобаның серіктестері – GIZ Dena техникалық серіктесі, Көкшетау қаласының әкімдігі, ЭЭДЭҮИ және ТКШ ҚазОрталығы.
Іске асырылып жатқан шаралар кешені өңірдің энергия үнемдеу және орнықты даму мәселелеріне жүйелі көзқарасын көрсетеді. Алдағы уақытта бұл энергия жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға, экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Энергия тиімділігін арттыру және орнықты даму бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.
Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы