Бұланды ауданында су тасқынының қаупі бойынша болжамдар айтылды  

Бұланды ауданында су тасқыны қаупіне дайындық бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Ораз Смағұлов брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

 

«Аудан аумағында су басу қаупі бар 12 елді мекен орналасқан. Инженерлік қорғаудың кешенді жоспарын іске асыру аясында 23 учаскеде жұмыстар жүргізілді, оның ішінде арық жүйелерін тазарту, қорғаныс бөгеттерін салу және су өткізу құрылыстарын орнату шаралары атқарылды», – деді Ораз Смағұлов.

 

Айтуынша, Макинск қаласында арық жүйелерін тереңдету және су өткізу құбырларын орнату жұмыстары жүргізілді. Қараөзек, Күпчановка және Новобратское ауылдарында өзен жағалауларын нығайту жұмыстары атқарылды, бұл су тасқыны қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

 

«Сонымен қатар, ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдары жойылды. 114 жаңа үй салынды, зардап шеккендерге келтірілген залал толық өтелді. Жалпы, осы мақсаттарға 97 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді», – деп толықтырды спикер.

 

2025 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық аясында жедел штаб құрылды, іс-шаралар жоспары бекітілді және жолдарды күтіп ұстау бойынша келісімшарттар жасалды. Жабдықтар, оның ішінде мотопомпалар мен дизельді генераторлар сатып алынуда. Су тасқынына қарсы іс-шараларға бюджеттен 119,6 миллион теңге қарастырылған.

 

«Қазіргі таңда 85 мың текше метр қар шығарылды, жұмыс жалғасуда. Біз су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз», – деп түйіндеді Ораз Смағұлов.

 

Аудан билігі тұрғындарды сақ болуға және қажет болған жағдайда шұғыл қызметтерге жүгінуге шақырады.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также