НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Мұсабаев алдағы референдумның мән-маңызы және заңнамалар жүзінде енгізілетін өзгерістер туралы ой бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ендігіде Мемлекет басшысы қандайда бір облыс, не республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына жалғыз емес, бірнеше кандидатты баламалы негізде ұсынады. Оларды облыстық немесе қалалық мәслихат депутаттары таңдайтын болады. Демек, бұдан былай облыс әкімі де сайланады дей аламыз. Іс жүзінде аймақ басшысы кім болатынын жергілікті депутаттар айқындайды», — дейді депутат. Сондай-ақ, Самат Мұсабаев Парламент пен мәслихаттар депутаттары құрамының жасақталуына қатысты өзгерістерді де атап өтті. «Президенттің Сенаттағы квотасы 15 депутаттан 10-ға дейін қысқарады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталады. Облыстық мәслихаттардың 50 пайызы мажоритарлық жүйемен, 50 пайызы партиялық тізіммен, ал аудандық деңгейде 100 пайыз депутаттар мажоритарлық тәсілмен сайланбақ. Онымен қоса, енді Мәжіліс 107 емес 98 депутаттан құралмақ», — деді ол.
Еліміздегі жүріп жатқан осы саяси реформалардың арқасында Мәжіліске әртүрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне жол ашылып, саяси бәсекелестіктің артуы мен демократияның дами түсетінін айтты. «Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Конституцияға енгізілетін түзетулердің барлығын Парламент қабылдауы тиіс. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сол себепті де, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Референдум — жарқын келешектің іргетасын қалайтын аса маңызды шара. Өйткені, қоғамда күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселелер тым көп. Сол себепті, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға қоя отырып, осындай маңызды шешім қабылданды деп бағаладым. Әлбетте, еліміз зор өзгерістер алдында тұр. Сондықтан, 5 маусым күні әр қазақстандықты өзінің азаматтық борышын орындауға шақырамын. Бұл референдум барлық демократиялық қағидаттарға сәйкес келеді деп есептеймін», — деп түйіндеді Самат Мұсабаев.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/bul-referendum-barlyk-demokratiyalyk-kagidattarga-saykes-keledi-mazhilis-deputaty_a3935629
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/bul-referendum-barlyk-demokratiyalyk-kagidattarga-saykes-keledi-mazhilis-deputaty_a3935629