Қазақстан халқы Ассамблеясына — 30 жыл: Ақмола облысында мерейтойлық шаралар басталып кетті

 

Қазақстан халқы Ассамблеясына — 30 жыл: Ақмола облысында мерейтойлық шаралар басталып кетті

 

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай Ақмола облысында қоғамдық келісім, бірлік пен этносаралық диалогты нығайтуға бағытталған ауқымды іс-шаралар бағдарламасы дайындалды. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Қуаныш Шақшақов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

 

Қуаныш Шақшақовтың айтуынша, мерейтойды тойлау аясында «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты облыстық жоспар әзірленіп, бекітілген. Бұл жоспар 50-ден астам ірі іс-шараны, 11 «этнос мәдениеті күндерін» және 12 түрлі жобаны қамтиды.

 

«Ерекше назар Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы мен жетістіктеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияларға аударылады. Мұндай маңызды шаралардың бірі — «Ұрпақтар диалогы», 22 қаңтарда өтті. Бұл жиын түрлі этностардың өкілдерін, ғалымдарды, жастарды және этномәдени бірлестіктерді біріктіріп, маңызды мәселелерді талқылау мен тәжірибе алмасу алаңына айналды», деді спикер.

 

ҚХА-ның 30 жылдығына орай бірнеше маңызды жобалар жүзеге іске асырылып үлгерген. Мәселен, YouTube желісіне ҚХА дамуына үлес қосқан көрнекті тұлғалар туралы сұхбаттар мен бейнероликтер жариялау, Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен 30 жас жұбайға бата беріп, естелік сыйлықтар тарту, түрлі этностардың еңбекте жетістікке жеткен өкілдері туралы жобалар оған дәлел.

 

Сонымен қатар бірқатар қайырымдылық акциялары да жоспарланған. Олар экологиялық жобалар аясында ағаш отырғызу, қарттар күніне орай ардагерлерге қолдау көрсету, «Мектепке жол» – жаңа оқу жылына орай мұқтаж балаларға көмек көрсету, Құрбан айт мерекесіне байланысты қайырымдылық акциялар өткізу. Айта кетері, биыл барлық этнос өкілдерінің ұлттық мерекелері Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойы шеңберінде өтетін болады.

 

Бұл шаралар Қазақстанда өмір сүретін түрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің байлығын тағы бір мәрте сезінуге мүмкіндік береді.

 

Мерекелік іс-шаралар Республика күніне орай қорытындыланады, онда жыл бойғы атқарылған жұмыстар бағаланып, жетістіктер талқыланады.

 

«Қазақстан халқы Ассамблеясы үш онжылдық бойы этносаралық келісім мен ынтымақтастықты нығайтуға баға жетпес үлес қосып келеді. Алдағы мерекелік шаралар бұл жетістікті лайықты атап өтуге тамаша мүмкіндік болмақ. Баршаңызды мерейтойлық іс-шараларға қатысуға шақырамыз», деп толықтырды Қуаныш Шақшақов.

 

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также