Халық арасында елімізде атом электр станциясын салу мәселесі қызу талқылануда. Осы орайды, Қазақстанда АЭС құрылысы мәселесінің туындауына не түрткі болды, жалпыхалықтық референдумның маңыздылығы неде, АЭС қауіпті ме, Балқаштың тартылып қалу қаупі барма, АЭС салынатын болса қай елдің технилогиясын пайдаланған дұрыс. АЭС-ке қатысты осы және басқа да сұрақтарға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Бекет Кенжеғұлов жауап беріп, өз ойымен бөлісті, деп жазады BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Бекет Зейнешұлы, елімізде АЭС салу мәселесінің туындауына қандай факторлар түрткі болды. Қазақстанға атом электр станциясы қаншалықты қажет?
Энергетика саласының мамандары болашақта елімізде электр энергиясы тапшылығы болуы мүмкін екендігін айтып жүр. Сарапшы Алмас Әбілдаев 2025 жылдан кейін Қазақстанда энергия тапшылығы сезіле бастайтындығын болжайды. Энергетиктер қазірдің өзінде елде 1-2 ГBm энергия тапшылығы бар екендігін айтады, ал 2030 жылға қарай электр энергиясының тапшылығы 9 ГBm-тан асып кету қаупі бар. Енді бұған жаңадан салынатын өндіріс орындары мен тоқпен қуатталатын автокөліктердің тұтынатын энергиясын қосыңыз. Осы мәселелерді қорыта келе, Қазақстанға атом электр станциясы ауадай қажет, мүмкіндік болса бірнешеуін салған дұрыс деп ойлаймын. Еліміз үшін атом электр станциясының пайдасы шаш етектен. Біріншіден, АЭС электр энергиясы тапшылығын жоюға, екіншіден, Париж келісіміне сәйкес еліміздің «жасыл» экономика, таза экология қағидасын ұстануына мүмкіндік береді. 1 келі уран өндіретін энергия 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайдан шығатын энергиямен тең екендігін айта кету керек. Яғни, ураннан алынатын салмағы небәрі 4,5 грамм ядролық отын таблеткасы 350 келі мұнай немесе 400 келі көмірге парапар энергия бөледі. Сонымен қатар, АЭС жыл сайын 20 миллион тоннаға тарта көмірқышқыл газының ауаны ластауын болдырмайды. Үшіншіден, Қазақстанда уран өндірісі бойынша әлемдегі өндіруші елдердің алдыңғы қатарында. Елімізде жылына 20 мың тонна уран өндіріледі, бұл әлемдегі уран өндірісі көлемінің 40%-ы құрайды. 2018 жылдан уран сату көлемі бойынша бірінші орындамыз. Төртіншіден атом энергиясын тұтыну 1%-ға өссе, елдің жалпы ішкі өнімі 0,32%-ға артады.
АЭС құрылысы бойынша республикалық референдум өткізу қаншалықты маңызды?
-Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының төртінші бағытында инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажеттілігін басты назарда екендігін айтты. Бұл бағыттағы жұмыстардың бірі — энергия өндіретін жаңа нысандар салу арқылы энергия тапшылығын азайту, тұтынушыларға арналған тарифтың орынсыз өсуіне жол бермеу. Сонымен қатар, мемлекет басшысы бізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері қажет екендігіне баса назар аударып, еліміздің энергия сұранысын қанағаттандыра алатын атом энергиясы керек екендігін айтты. Ал, мемлекет өміріндегі әрбір маңызды мәселелер халықтың келісімімен жасалуға тиіс. Осыған байланысты президент АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумды 6 қазанға белгіледі.
Әлем елдеріндегі АЭС пайдалану тәжірибесі қандай? Атом энергиясы дамыған және дамушы мемлекеттерді энергиямен жеткілікті түрде қамтамасыз етіп отыр ма?
-АЭС-тің маңызы мен өзектілігі жайлы мәселе туындағанда дамыған елдердің осы саладағы тәжірибесіне жүгінген дұрыс. Мысалы, Франция халқы тұтынатын электр қуатының 80%-ы АЭС-ке тиесілі, ал бұл көрсеткіш Швецияда 75%, Белгияда 65%-ға жетеді. Дүниежүзіндегі қуаты жағынан ең мықты, әрі үлкен атом станциясы Оңтүстік Кореяда орналасқан. Бүгінде бұл ел тұрақты, кепілдендірілген, әрі қолжетімді энергия көзінің арқасында қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта әлемнің отыздан астам елінде 200-ге жуық АЭС жұмыс жасап тұр. Әлемдегі дамыған және дамушы мемлекеттердің тәжірибелерінен атом энергетикасы сұранысты қамтамасыз етіп отырғандығын көруге болады.
АЭС-тың қаупі жайлы халық арасында сенімсіздік пен үрей көп. Шыныменде, АЭС қауіпті ме?
-Атом электр станциясы жайлы айтқанда, халықтың есіне Чернобыль, Фукусима және тағы басқа жағдайлар түседі. Әрине бұл ащы да болса тарихи шындық. Дегенменде, сарапшылардың сөзінше, жаңа технологиямен салынатын 3, 3+, 4-ші буындағы реакторлар қауіпсіздік кепілі бола алады. Өрт, басқа да төтенше жағдайлар туындаған жағдайда жүйе белгі беріп, реакторлар өздігінен оқшауланып, автоматты түрде сөніп қалады. Мамандар 3, 3+, 4-ші буын реакторлар алпыс жыл, тіпті 80-100 жылға дейін жұмыс істеуге қауқары бар екендігін айтады.
Ел арасында АЭС-тің суды көп тұтынатындығы, Балқаш көлі Аралдың кейпін киюі мүмкін деген пікірлер таралуда? Осыған қатысты не айта аласыз?
-Қазақстанда су тапшылығы мәселесі бар екендігі жасырын емес. Егер де АЭС жұмысы кезінде су тапшылығы туындайтын жағдай болса, онда Өзбекстан еліндегідей «құрғақ технологияны» пайдалануға болады. Бұл технологияда салқындату процесі сумен емес, суық ауамен жүргізіледі, яғни, су тұтыну 0%-ды құрайды. Мысалы, Белорусь мемлекеттінде 2400 МBm АЭС жылына 63 млн.метр куб су пайдаланса, бұл Балқаш бассейініндегі бір жылда буланатын судың 0,33% -ын құрайды. Сонымен қатар, халық арасында АЭС тоқты бірқалыпты шығарады, оны азайтып, көбейтуге болмайды деген тағы бір бір жаңсақ пікір бар. Бұл пікірге жауап ретінде, АЭС компаниясының білікті маманы Әсет Кеңесбекұлы АЭС-тің қуат өндіру мүмкіндігін басқаруға болатындығын айтты.
-Қазақстанда АЭС салу үшін қай мемлекеттен инвестор тартқанымыз дұрыс, қай мемлекеттің технологиясы тиімді?
— АЭС саласында жұмыс тәжірибесі бар 13 мемлекеттің арасынан 4 мемлекет бізде АЭС салуға сараптамадан өтіп тұр екен. Олар Оңтүстік Корея, Франция, Ресей және Қытай. Бұл жерде Оңтүстік Корея немесе Жапонияны алатын болсақ, бұл елдерде әскери-саяси бағдар жоқ. Мысалы, олар АЭС пайдалануға берілгеннен кейін, 10 жылдан соң елімізге ядролық отын тасымалдамай қалу қаупі бар. Осы жағынан алғанда әскери-саяси тәуелсіз, Франция, Ресей және Қытай елдерінің біреуін таңдаған дұрыс. Мен өзімнің азаматтық позициямды айтар болсам, елімізде АЭС салуға Франция мемлекеті инвестор болғаны дұрыс. Себебі, Франция Еуропаның «атомды астанасы» саналады. Тағы бір маңызды жайт, 70 жылдан астам тарихы бар Өскемен қаласындағы Үлбі зауытында француздар өз технологиясымен қытай нарығына АЭС-ке қажетті отын, яғни, таблеткалар даярлауда. Егер біздегі атом электр станциясы Франция технологиясымен салынса, оған қажетті отын, яғни таблеткалар өз елімізде өндіріледі және ол таблеткалар біздің АЭС-ке сәйкес келеді. яғни, АЭС-ке қажетті отын көзін өзге мемлекеттерден іздемейміз. Өзге мемлекеттің технологиясымен салынса, бізде өндірілетін таблеткалар сәйкес келе ме, келмей ме деген мәселе туындауы мүмкін. Сәйкес келмеген жағдайда отын көзін өзге мемлекеттен сатып ал қосымша қаржылық шығынға әкеледі. Сондай-ақ, пайдаланылған уран таблеткаларды утилизация жасау мәселесін де ойланған дұрыс. Егер Үлбі зауытында жасалған таблеткалар болса, оларда пайдалану мерзімі өткен соң зауытқа қайта тапсырып, сыртын қоршаған қабығын ғана зиянсыздандырып, таблетканың өзін қайтадан қуаттап, жаңа қабықпен қоршап өндіріске кері жөнелтуге болады.
Елімізге бір емес, бірнеше АЭС қажет деген ойыңызды тарқатып айтсаңыз.
Бізде АЭС бұрыннан бар. Ақтау қаласында дүниежүзіндегі бірінші реактор іске қосылғанын бірі білсе бірі білмейді. Бұл АЭС әуелгіде «BN-350 реакторы», кейіннен «Маңғыстау энергия комбинаты» деп аталды. Курчатов қаласы мен Алматы жанындағы Алатау елдімекеніндегі АЭС ғылыми-зерттеу бағытында жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп тұр. Бұлардың ешқайсысынан да күні бүгінге дейін келеңсіз жағдайлар тіркелген жоқ. АЭС салуға ең қолайлы жер ретінде Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен ауылы таңдалып отыр. Жалпы менің ойымша, елімізге төрт АЭС салу қажет. Олар Үлкен ауылында, Курчатовта, Түркістан облысындағы Шәуілдірде, Маңғыстауда орналасқаны дұрыс. Үлкен ауылы мен Курчатов қаласындағы АЭС айтпаса да түсінікті, ал оңтүстік өңірлерде электр энергиясын тұтынушылардың ұлғаюына байланысты Шәуілдірде бір реакторлы, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Маңғыстауда да бір реакторлы АЭС салу қажет деп ойлаймын.
Елімізде атом энергиясы саласында қызмет білікті мамандар бар ма?
-Осы саланың мамандарының пікірінше, АЭС салу кезінде 12 мыңнан астам адам құрылыс жұмыстарына жұмылдырылса, 7-8 жылдан кейін АЭС құрылысы аяқталған соң 2 мыңға тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Оның 400-і инженер мамандар болады деп болжануда. АЭС-те жұмыс жасайтын мамандарды Ұлттық ядролық орталық, Ядролық-физика институты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және Мәскеу физика-техникалық институтының Алматыдағы бөлімі дайындауда.
Сұқбатыңызға рақмет!