ҚАТАР ЖОЛДАР ТОҒЫСПАЙДЫ

Осы ретте скептиктерді сөйлетсеңіз, олар былай дер еді: біріншіден, біз мұның бә­рін өткен отыз жылда бірнеше рет естідік; екіншіден, мемлекеттің бұрынғы басшылары Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ұлт­тық бірлік пен ортақ бірегейлік мәсе­ле­лерімен айналысып келді.

Шындығында, өткен отыз жылдан астам уақыт ішінде қазақстандық бірегейлік пен ұлт санасын жаңғырту қажеттілігі туралы мәлімдемелер билік дискурсы үшін ортақ мәселеге айналды. Олай болса, сіз бұрынғы кезеңдегі ұлт құру саясаты мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі рефор­малары арасында түбегейлі айырмашылық бар ма деп сұрайтыныңыз анық.

Спойлер: айырмашылық бар және ол ай­тар­лықтай үлкен десек, артық емес.

Бұл пікірімізді дәлелдеу үшін бәрін ба­сы­нан сараптауымыз керек. Ең алдымен, біз өзі жас ұлтпыз ба? Жауап: иә және жоқ. Өйт­кені Тәуелсіздік алған сәтті жаңа ұлттың пай­да болуының бастауы деп санауға да болар еді. Бірақ, сонымен бірге, мұны кем де­ген­де 13 ғасыр бұрын немесе одан ертерек, біз­дің жерімізде, мәдениетіміз бен генімізде өз ізін қалдырған сақтардың, ғұндардың жә­не ежелгі түркілердің көшпелі өркениет­терінен басталған тұтас әрі ұзақ тарихи тіз­бек­тің табиғи жалғасы деп қарастырған жөн. Тікелей біздің ұлтымыздың Қазақстан ау­мағында қалыптасуы бүгін немесе тіпті 30 жыл бұрын да басталған жоқ. Ол бір-бірімен астасып жатқан екі үдеріспен байланысты: бірін­шісі – қазақ этносының Жошы Ұлысын­дағы халықтардың конгломератында пайда бо­лып, бөлінуі, кейін 300 жылдан астам уа­қыт бойы өз мемлекеттілігі шеңберінде дамуы, екіншісі – Қазақ Кеңестік Социа­лис­тік Республикасы құрамындағы көпэтносты бірегей халықтың қалыптасуы.

1991 жылдан бастап бұл үдерістердің екеуі де құқық тұрғысында мирасқор мем­ле­кет Қазақстан Республикасында егемен ұлттың құрылысы ретінде жалғасын тапты. Мұн­да екі жолды ажыратып көрсету керек. Өйткені төменнен – мемлекеттік егемендік пен нарықтық экономика жағдайындағы қо­ғам­дық «өзін-өзі құрудың» стихиялық, та­би­ғи процесі жүрді. Ал жоғарыдан – кө­пэт­носты кеңестік дәуірден кейінгі халық­ты жаңа типтегі азаматтық бірлікке интег­ра­циялау жөніндегі мемлекеттік ішкі саясат жүзеге асырылды.

Әрине, бұл екі жол да бүгінде этносқа, нә­­сілге немесе әлеуметтік мәртебеге қара­мас­тан, бізге танымал сипат берген дәс­түр­лердің, әдеттердің, мәміленің, өмірлік тәжі­рибенің, мақсаттардың, құндылықтар мен мұраттардың бастапқы синтезі болған ортақ нәтижеге әкелді. Бұл ортақ нәтиже – шетелде жүріп те, бір-бірімізді жазбай танитын адам­ның сипаты.

Алайда «жоғарыдан» басталған жол ана­ғұрлым қиын болып шықты және ол бас­талған жерінен алыстаған сайын алғашқы импульс энергиясын жоғалта берді. Біз қазір ішкі, сыртқы, экономикалық, әлеуметтік және тағы басқа бағыттардан тұратын жал­пы мемлекеттік саясат туралы емес, мақ­сат­ты мемлекеттік ұлт құру жобасы туралы ай­тып отырмыз.

Расымен, бұл бағыттағы алғашқы бас­тама­лар, соның ішінде Конституцияда бекі­тіл­ген қадамдар, жақсы әрі нәтижелі болды. Бірақ кейіннен нақты әрекеттер декларативті дүниелерге ұласып, тақырыптық дискурстың тұң­ғиығына батып кетті. 2015 жылы Пре­зи­дент Жарлығымен қабылданған Қазақ­стан­ның бірегейлігі мен бірлігін нығайту және дамыту тұжырымдамасын бүгінде ешкім есіне түсіре қоймас. Бірақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көпшіліктің санасынан көше қой­маған шығар. Дегенмен мазмұн жағынан белгілі бір инновациялық сипатқа ие бол­ғанымен, ол да бюрократиялық құжаттама мен есептердің арасында жоғалып кетті.

Сондай-ақ Қазақстанның 2050 жылға дейін­гі даму стратегиясы жазылғаны белгілі. Онда дамыған 30 елдің қатарына кіру жос­парынан бөлек, халқымыздың тарихи са­насының өзегі ретінде бүкілқазақстандық бірегейлік алға шығарылды. Сонымен бір қа­та­рда дамып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамдастықтың біріктіруші негізі ретінде қазақ халқының рөліне мән берілді.

Бұл екі тезис бір-бірімен байланысты секіл­ді көрінсе де, нәтижесінде бізде қос бірегейлік фактісінің бар екенін көрсетті. Оның бірі – дамып жатқан азаматтық біре­гейлік, ал екіншісі – полиэтностық электрон­дар үшін тартылыс ядросы болатын қазақ этносының бірегейлігі. Ал мұның бәрінің бір арнаға тоғысуы тек 2050 жылға қарай толық аяқталады деп күтілген еді.

Осылайша, Қазақстан халқының өзіндік бірегейлігінің екі деңгейі тіркеледі: бірінші-сі – ортақ саяси құндылықтарға негізделген біртұтас азаматтықтан туындайтын баршаға ортақ бірегейлік, екіншісі – қазақ этносының бірегейлігі. Сәйкесінше, екі бірегейлікті, Қа­зақстан азаматы мен қазақ этносының біре­гейлігін қатар дамытуға ұзақмерзімді бағыт берілді. Оған сәйкес ұлтты жасанды түрде құрастырылмаған, адамдар қолдайтын шынайы құндылықтар негізінде баршаға ортақ бірегейлік аясына ұйыстыру міндетін шешу кем дегенде 2050 жылға дейін ше­герілді.

Міне, «ескі» және «жаңа» Қазақстан ара­сын­дағы ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мәселесі осы жерден екіге ажырайды.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также